Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қарағандыдағы өрттен отставкадағы полиция полковнигі, оның әйелі мен ағасы қаза тапқан

Кеше, яғни 10 қаңтарда Қарағандыдағы көпқабатты тұрғын үйде болған өрт салдарынан отставкадағы полиция полковнигі Ринат Шоқаевтың қаза тапқаны белгілі болды. Бұл туралы Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының баспасөз қызметі мәлім етті, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.

Қарағандыдағы өрттен отставкадағы полиция полковнигі, оның әйелі мен ағасы қаза тапқан
фото: Azattyq Ruhy

ІІМ академиясының мәліметінше, қайғылы жағдайда сондай-ақ, полковниктің жұбайы мен ағасы да көз жұмған. Академия өкілдері Ринат Шоқаевтың туыстарына көңіл айтты.

Бүгін 70 жастағы отставкадағы полиция полковнигі Ринат Шоқаев, оның жұбайы және ағасы қайғылы қаза тапты. Ринат Шоқаев 1987-1997 жылдар аралығында Қарағанды академиясында курс бастығы, одан соң саптық бөлім бойынша Академия бастығының орынбасары болып қызмет атқарды. Қарағанды академиясының дамуына үлкен үлесін қосып, көптеген офицерлерді тәрбиелеп шығарды. Оның өнегелі өмірі мен жарқын бейнесі біздің жадымызда мәңгі сақталады. Ринат Кенжебайұлының отбасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы болсын - делінген академия хабарламасында.

Еске салайық, 10 қаңтарда сағат 21:30 шамасында Қарағанды қаласында Республика даңғылы, 18/2 мекенжайындағы көпқабатты үйде өрт шыққан. 16 қабатты, бір кіреберісті, 127 пәтерлі тұрғын үйдің 8-қабатындағы пәтерде газ жарылып, жалпы алаңы 30 шаршы метр аумақты жалын шарпыған. Сол сәтте 1979 жылы туған ер адам жанып жатқан пәтердің балконынан құлап кетіп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген еді. Өрт кезінде үш тұрғынның қаза тапқаны белгілі болды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, құлаған ер адамның жағдайы орташа ауыр деңгейде. Оның кеуде қуысында жабық жарақат, жіліншік сүйектерінің жабық сынығы бар екені айтылды. Болжам бойынша, оқиға кезінде ол алкогольдік масаң күйде болған. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметі жарылыс болған пәтерде газ құрылғылары табылмағанын мәлімдеді.

Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 204-бабы 2-тармағына (отпен немесе қауіптілігі жоғары өзгеде көздермен жұмыс істеу арқылы жасалған ауыр зардаптарға әкелген бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру) сәйкес қылмыстық іс тіркеді. Аталған баптың санкциясында 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.