Алматыда жүргізуші әйелді үркітіп, қорқытқандардың видеосы тарады. Полиция бұл ақпаратқа қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Видео kris_p_brothers Qazaqstan Instagram-парақшасында пайда болды.
"Менің құрбым мен кішкентай қызы жағымсыз жағдайға тап болды. Ол көшенің оң жағында келе жатқан, артынан Nexia маркалы көлігі қуып жетіп, тоқтатуға мәжбүрлеген. Көліктен үш ер адам шыққан. Олар көліктің есігін ашуға тырысып, "Шық! Қазір сөйлесеміз!" деп айғайлаған", - дейді жазба авторы.
Оның сөзінше, жанжалдың шығуына әйел адамның көлікпен баяу келе жатқаны себеп болған.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, әйел адам 10 қаңтарда кешке "102-ге" хабарласқан.
"Қазіргі уақытта Бостандық аудандық полиция басқармасымен кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр, нәтижесінде күдіктілер анықталып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады", - делінген полиция хабарламасында.