Ақмола облысындағы тасжолда жаппай жол апаты болды, - деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің ресми Telegram-каналының мәліметінше, оқиға 8 қаңтарда Астана - Петропавл автожолының 236-шақырымында болып, 9 көлік бір-бірімен соқтығысқан.
"Петропавл қаласының 34 жастағы тұрғыны, ВАЗ 2109 көлігінің жүргізушісі жол-метеорологиялық жағдайларды ескермей, 64 жастағы астаналықтың басқаруындағы Chevrolet Cobalt автокөлігімен және Беларусь Республикасының 38 жастағы тұрғынының басқаруындағы Volvo автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан артынша тағы 6 көлік соқтығысқан. Олардың арасында Renault Sandero, Газель, 2 Toyota Camry, Daimler Chrysler және Toyota Prado көлігі бар", - делінген хабарламада.
Көлік апатынан зардап шекккен 19-49 жас аралығындағы 7 жолаушы мен 2 жүргізушісі "Авиценна Бурабай" ЖШС-іне жеткізілген.
6 жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігі бойынша "Көлік құралдарының жүргізушілерінің адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарына немесе өзге де мүлікке зиян келтіруге әкеп соққан Жол жүрісі ережелерін бұзуы" бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.