Оны есірткі мен қаруды заңсыз сақтаған күдіктіге жасырын түрде бермекші болған.
Атырау қаласында күдіктілерді тергейтін изоляторға 4 телефонды тамақтың ішіне тығып кіргізбекші болды, деп хабарлады paryz.kz, облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Мекеме қызметкерлері келген сәлемдемелерді рентген аппараты арқылы тексеріп тұрғанда, астың ішіне жасырылған төрт дана ұялы телефонды байқап қалады. Оны туыстары есірткі мен қаруды заңсыз сақтаған күдіктіге жасырын түрде бермекші болған.
"Мекеме қызметкерлерінің қырағылығы нәтижесінде заңсыз сәлемдеме иесіне жетпей, құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Қазір 24 жастағы курьер ұсталды. Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді күзет және режим бөлімінің бастығы Асылбек РАХМАНОВ.
Осы уақытта тергеу изоляторына кіргізілген барлық сәлемдемелер "Адани" рентген аппараты арқылы тексерістен өтеді. Өткен аптада изоляторда отырған адамға йогурт әкелген. Оның ішінен жасыл түсті шөп пен дәрі-дәрмек шыққан. Әшкереленіп қалған заңсыз сәлемдемелер сараптамаға жөнелтілді.