Ақтауда деструктивті діни ағым өкілдері бөтеннің пәтерін иеленбек болған, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«9 қыркүйекте деструктивті діни ағымның жақтаушыларынан құралған топ алдын ала сөз байласып, қаражат бопсалаумен айналысатыны туралы жедел ақпарат келіп түсті. Тексеру нәтижесінде олар зардап шеккен адамға 20 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтіріп, 3 бөлмелі пәтерді өздеріне рәсімдеген», - деп мәлім етті Маңғыстау облыстық Полиция департаментінен.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 3-бөлігі (бопсалау) бойынша Маңғыстау облысы ПД СДТБТ-де тіркелді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері төрт күдіктіні ұстап, оларға қатысты тінту шараларын жүргізген. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.