Жетісу облысына қарасты Жаркент қаласы маңында жол талғамайтын көлік аударылып, үш адам қаза тапты, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы бүгін, 20 қыркүйекте таңертең Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолының 273-шақырымында болған.
«Жол талғамайтын Lexus 470 көлігі жол жиегінен 50-60 метрге ұшып кеткен. Көлік ішінде болған екі ер адам мен бір әйел оқиға орнында көз жұмды. Қаза тапқандардың екеуі 1983 және 1985 жылғы ерлі-зайыпты адамдар екені анықталды. Үшіншісінің жеке басы әлі анықталған жоқ», - делінген ПД хабарламасында.
Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан полиция қызметкерлері мән-жайды анықтауға кірісті.
Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу жұмыстары қолға алынды.