Түркістан облысындағы Жетісай қаласында базар өртенді. Өрт туралы ақпарат 26 тамызда түнгі 03:00 шамасында түскен, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі.
Өрт түнгі сағат 03:00-дің кезінде басталған. Оқиға орнына 47 өрт сөндіруші 16 көлікпен барған. Жел салдарынан өртті сөндіру қиынға соққан. Тілсіз жауды сөндіруге 3 сағаттан астам уақыт қажет болған. Өрт таңғы сағат 05:20-да ауыздықталып, 07:35-те толғымен өшірілді.
"Базар аумағында ауданы 500 шаршы метр болатын жеке тұрған бір қабатты ғимараттан және ауданы 400 шаршы метр қалқаның астында орналасқан аумақтан өрт шықты. Базардың жалпы ауданы – 2500 шаршы метр. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр", – дейді мамандар.
Облыс әкімі өрттен зардап шеккендерге көмек көрсететін комиссия құруды тапсырды. Оған әкім орынбасары Сәкен Қалқаманов жетекшілік етеді. Комиссия алдымен зардап шеккендердің санын, одан кейін материалдық залалды есептейді.
Сонымен қатар жалынды ауыздықтауға полиция департаментінің 300 қызметкері көмектескен. Қазіргі таңда аталған жайт Қылмыстық кодекстің 292-бабы (Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша тіркеуге алынды.