Қазнет Алматыда түсірілген видеоны талқылап жатыр. Бейнежазбада ер адамның жүріп бара датқан пойыздың төбесіне шығып алғанын көруге болады, деп хабарлайды paryz.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған видео Instagram желісіндегі kris.p.brothers парақшасында жарияланған. Видео авторы ер адамды айғайлап тоқтатуға тырысқанымен, ол жауап бермеген. NUR.KZ тілшісі оқиғаға қатысты түсініктеме алу үшін Көліктегі ПД баспасөз қызметіне хабарласты. Ведомствода түсіндіргендей, 24 шілде күні сағат 22:45-те "Алматы-1" станциясының желілік полиция басқармасына сағат 20:20-да "Алматы-Орал" бағытындағы жолаушылар пойызын "Алматы-2" станциясынан жөнелту кезінде машинист шұғыл тежеуді қолданғаны туралы хабарлама келіп түсті. Бұл артқы вагонның төбесіне көтерілген азаматтың өміріне қауіп төніп тұрғандықтан жасалды. Пойыз тоқтағаннан кейін көлік полициясының қызметкерлері ер адамды ұстаған. Тексеру барысында тәртіп бұзушы Батыс Қазақстан облысының 47 жастағы тұрғыны екені анықталды. Ер адам билетке ақшасы жоқ екенін түсіндіріп, жоғарыда аталған пойыздың төбесіне шығу арқылы "Қазақстан" станциясына (БҚО) жетіп алмақш болғанын айтқан. Нәтижесінде полицейлер ӘҚБтК-нің 560-бабының 1-бөлігі ("Теміржол көлігі құралдарын пайдалану ережелерін бұзу") бойынша хаттама толтырып, ер адамға 5 АЕК көлемінде (15 315 теңге) айыппұл салды.