Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

"Адам өмірі бес тиын ба?": Экс-полицей қағып өлтірген бозбаланың туыстары жазамен келіспейді

Алматы облысында 18 жастағы бозбаланы көлікпен қағып, оқиға орнына қашып кеткен экс-полицейге үкім шықты, деп хабарлайды Рaryz.kz  Ulysmedia.kz сілтеме жасап. 

"Адам өмірі бес тиын ба?": Экс-полицей қағып өлтірген бозбаланың туыстары жазамен келіспейді
фото: ашық дереккөзден

“КТК” арнасының хабарлауынша, сотталушы екі жарым жылға бас бостандығынан шектеу жазасы қарастырылған. Алайда ұлдарынан айырылған ағайын-туыс сот үкімімен келіспей отыр.

18 жастағы Дінмұхаммед Жеңісов кешкі сегіз жарым шамасында үйіне қайтып бара жатқан. Merсedes мінген Самат Айсараақын оны қағып өткен. Соққының қатты болғаны соншалық, Димаш бірнеше метрге ұшып кеткен. Экс-полицей көмек қолын созудың орнына бірден ізін суытқан. Ал қансырап жатқан Димаш жедел жәрдем жеткенше жан тапсырған.

Марқұмның туыстары тәртіп сақшысының сол күні дәмханаға тәлтіректеп кіргенін, сол жерде сыра ішіп, удай мас болып рөлге отырғанын айтып отыр. Бейнежазбалар да бар. Дәмхана ауласында тұрған көлігіне де отыра алмай, құлағаны анық байқалады. Бірақ судья оған мән бермеген. Өйткені сараптаманың қорытындысы бойынша экс-полицей рөлге сау күйінде отырған.

"Бүкіл куәгерлер дәмханадан барлығы көріп, міне мына жігіт деп танып айтып тұр. Ешбір куәгердің сөзіне құлақ аспады. Сотта тып-тыныш, сынып сағатына барғандай 5-6 рет отырдық. Заңгер қалай сіз нөмірсіз жүресіз, қорықпайсыз ба десе, жоқ мен қорықпаймын деді. Сот кезінде Саматтан ештеңе сұраған жоқ. Бір "келісесіз бе, келісемін. Сіз не дейсіз, мен білмеймін, өлтіргім келген жоқ қой" деді, болды міне", - дейді марқұмның туысы Жеңісхан Қонқасова.

Сөйтсе, экс-полицейді алғашында екі жарым жылға түрмеге жабу туралы үкім шығарылған. Бірақ іле-шала "Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты амнистияға" ілігіп, жазасы бас бостандығын шектеуге ауысып кеткен.

"Үкім 2022 жылдың 6 маусымында шықты. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы және 347-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жылдығына орай қамауда ұстау жазасынан босатылды. Үкім әзірге күшіне енген жоқ", - делінген Алматы облыстық соттың ресми хабарламасында.

Сот үкімінің күшіне енбеу себебі, жәбірленуші тарап үкіммен келіспей апелляциялық арыз жазған. Олар экс-полицейдің қалайда қатаң жазаға тартылғанын қалайды. Әділеттікті талап еткен ағайын-туыс соңына дейін баруға бекініп отыр.

"Менің ұлым спортшы, чемпион болды. Осы стадионда шынығатын. 5 уақыт намазын оқитын. Бүкіл Талғар қаласы танитын. Жеке өзім үкіммен келіспеймін. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, полиция қызметкері болып, әрі мас күйінде қағып кеткен. Сонда кез келген тәртіп сақшысы адам қағып, кете беруіне бола ма? Адамның өмірі бес тиын болғаны ма сонда? Соттан шығып қазір жайбарақат демалып жүрген шығар. Ал менің балам жоқ", - дейді марқұмның анасы Нұргүл Түркібаева.