Прямая трансляция

Астана

Астана

11°C

"Күдіктілердің арасында шенеуніктердің балалары бар": Шымкентте тергеу кезінде қайтыс болған жігітке қатысты сот басталды

Шымкентте полиция департаментінің ғимаратында қайтыс болған Нұрболат Жұмабаевтың ісіне қатысты сот басталды. Күдіктіні өлтірді деген күдікке 4 полиция қызметкері ілінген. Дегенмен марқұмның ата-анасы бұл іске кінәлілер одан да көп дейді, деп жазады Рaryz.kz  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

"Күдіктілердің арасында шенеуніктердің балалары бар": Шымкентте тергеу кезінде қайтыс болған жігітке қатысты сот басталды
ашық дерек көздерінен

Шымкенттегі тергеу кезінде қайтыс болған марқұм Нұрболат Жұмабаевтың анасы сот отырысы басталғаннан-ақ, жанайқайын жасыра алмады. Ол полиция департаментінің ғимаратына аман кіріп, мәйіті шыққан ұлына қатысты іске Қостанайдан осымен екінші рет келіп отыр. Алайда, сот бұл жолы да кейінге шегерілді.

"Әділетті басталып тұрған жоқ. Біз  екінші рет келіп тұрмыз 2 мың шақырым жерден. Міне, адвокатты сылтау қылып 2-рет кейінге қалдырып жатыр. 5-6 дан адвокаты бар. 2 адвокаты жоқ деп сотты кейінге қалдырды. Әділетті шешіледі деп ойлап отырған жоқпыз. Жоғары сотқа береміз. Болмаса әлемдік сотқа береміз", – деді марқұм Нұрболат Жұмабаевтың әкесі Ерғара Жұмабаев. 

"Осымен 7 ай болды баламның өлгеніне. 7 айда бір рет заң орнының адамдары кешірім сұрамады, тіпті өлген күні қоңырау шалған жоқ. Өлтірген балалар қазір ұсталмай, бостандықта жүргендердің арасында антикор бастығының баласы, генералдың баласы бар", – деп қосты анасы Ажаргүл Әлмағамбетова.

Нұрболат Жұмабаев досы Сергей Петровпен бірге 2021 жылдың желтоқсан айында көлік ұрлады деген күдікке ілініп Шымкенттің полиция департаментіне жеткізілген еді. Алайда, тергеуге өз аяғымен барған 30 жастағы жігіттің ғимараттан өлі денесі шықты. Марқұмның адвокаты бұл іске сол кездегі Шымкенттің бас полицейінің де тікелей қатысы бар деп отыр.

"Департаменттің бірінші басшысы Ералы Жұмаханбетов кінәлі болу керек деп есептейміз. Өйткені солардың бұйрығын орындаған бұлар. Сондай-ақ үлкен заң бұзушылық: жігіттерді қылмыстық іс қозғалмай тұрып ұстаған. Заң бойынша тек қана қылмыстық іс қозғап, ұстау керек адамдарды", – дейді қорғаушы Талғат Есімов. 

Қазір билігі мен лауазымын асыра пайдаланып, адам денсаулығына ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге әкеп соғу бабымен полицияның бұрынғы 4 қызметкері күдікке ілінген. Олар: Криминалды полиция басқармасы бастығының бұрынғы орынбасарлары Уәлихан Жәнібеков пен Дәулет Аймешов, аудандық полиция бөлімінің бұрынғы бастығы Дінмұхамед Исаев және жедел уәкіл Өткіров. Дегенмен отырысқа күдіктілердің адвокаты толық келмеген соң, сот 18 шілдеге қалдырылды.

Айта кетейік, бұған дейін Нұрболат Жұмабаевпен бірге полиция ғимаратына жеткізілген досы оқиғаның қалай болғанын айтып берген еді.