Түркістан облысы Бәйдібек аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің назарына Шаян-Жамбыл тас жолының бойында жүрген 3 жасар шамасындағы бала іліккен, деп хабарлайды Paryz.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Кішкентай баланың жалғыз жүргенін байқаған полицейлер, бірден оның қасына келген.
Бүлдіршіннен оның ата-анасы, үйі қайда екенін сұрағанымен, бала дұрыс жауап бере алмаған. Осыдан соң тәртіп сақшылары ұл баланы полиция бөліміне жеткізіп, оның жағдайын жасап, тамақ-суын әперген.
“Одан ары ата-анасын табуға бағытталған қажетті жұмыстарды жүргізді. Ауыл аймақтан сұрастырып, әлеуметтік желі арқылы суретін таратып, соның нәтижесінде 1 тәулікке жеткізбей ата-анасын тапты. Ата-ана мен бүлдіршінді қауыштырды”, – делінген хабарламада.
Анықталғандай, бала өзінің ауласында ойнап жүріп, үйінен 2 шақырым қашықтыққа дейін алыстап кеткен. Ал анасы оны жақын маңда ойнап жүр деп, бейқам жүре берген. Ұлымен аман-есен табысқан тұрғын полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.
"Кішкентай баламды тауып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз еткендеріңіз үшін алғысым шексіз! Сіздердің жұмыстарыңызға табыс тілеймін" - деді ол.
Өз кезегінде облыс полицейлері ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауды, барынша сақ болуды ескертеді.