Прямая трансляция

Астана

Астана

13°C

"Басына секірді": Үш ұлы соққыға жығылған әйел оқиғаның мән-жайын айтты

Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында белгісіз бұзақылар ағайынды үш жігітті аналарының көзінше естен танғанша тепкілеп ұрып кеткен. Айгүл Әмірова ұлдарының соққыға жығылғанын дәлелдейтін видеоны Instagram-дағы парақшасына салды, деп хабарлайды Paryz.kzЭкспресс К-ға сілтеме жасап. 

"Басына секірді": Үш ұлы соққыға жығылған әйел оқиғаның мән-жайын айтты
Сурет: Exk.kz

Жапа шеккен Әли, Мәдениет және Дәулет Әміровтердің анасы желідегі жазбасында болған оқиғаны бастан-аяқ баяндап берген.

"Мен олардың жанында болдым. Бұзақылар "төбелесті тоқтатыңдаршы" деген өтінішімді елемеді. Қайта мені де ұрып жіберді. Ортаншы және кенже ұлдарым ес-түссіз жатты. Сұмырайлар балаларымның басына секірді. Кіші ұлымның құлағы, жақ сүйегі, мұрны сынды, миы шайқалды. Мәдениет пен Дәулетке баллоннан газ шашты. Ауыр соққылардан екеуі де естерінен танып қалды. Соған қарамастан, әлгілер ұлдарымды ұруды жалғастыра берді", — дейді Айгүл Әмірова.

Жанжал кезінде үлкен ұлы Әли де, әйелдің өзі де полиция шақыруға тырысып, бірнеше рет қоңырау шалған. Алайда тәртіп сақшылары телефон тұтқасын уақытылы көтермеген көрінеді. Осы кезде әйелдің көмек сұрап жанұшыра айқайлаған дауысын естіп, төбелес болып жатқан жерге бір жігіт жүгіріп жетеді. Араша түспек болған оны бұзақылар пышақтап жіберген.

"Жаға жыртысу кезінде бізге көмектеспек болған жігіт те ауыр жараланған еді. Кейін ол ауруханада көз жұмыпты. Марқұмның есімі Руслан екен. Спорт шебері болыпты. Өте өкінішті жағдай. Ата-анасына кіріп шығып, көңіл айтып, кешірім сұрадым. Ол кісілерге оңай емес екенін білемін. Алла сабыр берсін. Осы масқараға кінәлілер жауап беріп, тиісті жазаларын алғанын қалаймыз! Әділдік орнауы тиіс! Сотқа шағым бердік. Барлығы заң шеңберінде шешілуін талап етемін", — дейді А.Әмірова.

Соққыға жығылған үш баласы қазір қалалық ауруханада ем қабылдап жатыр. Өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Ал Екібастұз қаласының Полиция басқармасы осы дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу материалдары прокуратураға берілгенін айтты. Тәртіп сақшыларынан басқа ақпарат алу мүмкін болмады.