Түркістан облысында ер адам енесінің алтын бұйымдарын ұрлады деген күдікке ілінді. Шығын көлемі 1,7 млн теңге, деп хабарлайды Paryz.kz, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сайттың мәліметінше, Шардара аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Әйелдің сөзінше, әлдекім оның үйіне терезеден кіріп, жатын бөлмесіндегі алтын жүзігі мен алтын сырғасын, сондай-ақ гаухар тастары мен алқаларын жымқырып кеткен.
Келтірілген шығын көлемі 1,7 миллион теңгені құраған.
Аталған жайтты полицейлер Қылмыстық кодекстің 188-бабы ("Ұрлық") бойынша тіркеу алған. Қылмысты ашу мақсатында Шардара аудандық полиция басқармасының қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылған. Полицейлер куәгерлерден жауап алып, үйдің айналасын жіті тексерген. Нәтижесінде, күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген. Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің күйеу баласы болып шыққан.
Ол оңай жолмен ақша табу мақсатында енесінің алтын бұйымдарды жымқырған. Сөйтіп сатудың оңтайлы сәтін күткен. Ал ұрлаған алтындарын үйінің ауласындағы гаражға тығып қойған. Полицейлер күдіктіден айғақ зат ретінде алтын жүзік пен сырғаларды, алқаларды тәркілеп, иесіне қайтарған. Қазіргі кезде күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.