Олар киелі жерге бармақшы болған павлодарлықтар болып шықты, деп хабарлайды Paryz.kz, Halyk-uni.kz-ке сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысында тәртіп сақшылары қатты боранда адасып кеткен Павлодар қаласының тұрғындарын құтқарды.
22 наурызда Абай аудандық полиция бөлімінің 102 жедел каналына қарлы боранда екі отбасының адасып кеткені жайлы хабарлама түскен. Хабар түсісімен жедел уәкілдер шұғыл-іздестіру жұмыстарына кіріскен.
Полицейлер оқиға орнына қызметтік автокөлікпен шығып, адасқан адамдарды үш сағат ішінде тапқан. Олар Павлодар қаласының тұрғындары екені белгілі болды. Көлікте екі отбасы: екі ер адам, екі әйел және төрт бала болған. Олар ШҚО Абай ауданы аумағында орналасқан «Қоңыр әулие» үңгірі деген киелі, тарихи жерге бара жатып, жолда адасып, автокөліктері қарға батып, сынып, жолда қалған.
Сақшылар туристерге көмектесіп, көліктерін батқан қардан шығарып, аудан орталығына жеткізіп, тамақтандырып, жатын орынға орналастырған.