Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған қызды топтасып зорлау ісі бойынша үкім шығарды деп хабарлайды Paryz.kz, turkystan.kz.-ке сілтеме жасап.
Бұл оқиға былтыр Петропавлдан 20 шақырым жердегі орналасқан «Березовая роща» демалыс орнында болған. Басқосу кезінде алкогольдік ішімдікке тойып алған 5 жігіт 17 жастағы қызды жабылып зорлаған. Полицейлерге бұл қылмыс туралы жәбірленушінің анасы хабарлаған болатын. Сот тараптардың келісімі бойынша жабық түрде өтті.
Сотталушылар өз кінәларын мойындамады. Дегенмен олардың кінәсі жәбірленуші мен куәлардың айғақтарымен, жеке басын анықтау хаттамаларымен, сараптамалық қорытындылармен және басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденген.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 120 және 121-бабына сәйкес қылмысқа жол берген 5 азамат 10 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылсын. Оның екеуі кәмелет жасқа толмағандықтан 10 жылға сотталады. Сондай-ақ сот жәбірленушінің 10 миллион теңге көлеміндегі өтемақысын толық қанағаттандырды», – деді үкімді оқыған судья Сергей Викторенко.
Сотталушылар 10 миллион теңге көлемінде моральдық шығынды бірлескен тәртіппен өтейтін болады. Төртеуі жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.