Прямая трансляция

Астана

Астана

20°C

«Мен болмасам өлтіріп алар ма еді»: Шымкенттік полицей 62 жастағы көршісін сабаған

Шымкенттік зейнеткер Анна Шмакова күйеуін полиция майоры ұрып-соғып, тепкінің астына алғанын айтады. Жолдасына араша түскен оған да полицей жұдырығы тиіп, денесі көк ала қойдай көгеріпті.

Зейнеткер Анна Шмакова түн ортасында пәтеріне баса көктеп кіріп, күш көрсеткен полицей заң аясында тиісті жазасын алуы үшін барлық жерге шағымдануға бекініп отыр, деп хабарлайды Paryz.kzЭкспресс К.-ға сілтеме жасап. 

«Мен болмасам өлтіріп алар ма еді»: Шымкенттік полицей 62 жастағы көршісін сабаған

Оқиға ақпанның 4-і күні түнгі сағат 11 жарым шамасында болған. Зейнеткердің айтуынша, бұған дейін де көршісіне келген қонақтар оның пәтерінің домофон қоңырауын басып, маза бермеген екен. Бұл жолы тағы да сол оқиға қайталанғанда көрші әйелге барып, ескерту жасайды. Осы сәтте баспалдақтан көтеріліп келе жатқан еркек тап берген көрінеді.

Жәбірленушінің мұрағаты

"Ол көршіміздің көшіп келгеніне үш айдай болды. Мен қашанғы бұлай қайталана береді дегенімде баспалдақта көтеріліп келе жатқан ер кісі әйелге "Алқашпен неге сөйлесіп тұрсың?" деп айтты. Мен ештеңе түсінбедім. "Маған құйып берген бе едің? Әлде мас боп жатқанымды көрген бе едің?" дедім. Содан жанжал шықты. Осы кезде күйеуім пәтерден шығып, ол еркекке ескерту жасады. Әлгі кісі үйге тап беріп, күйеуімді ұрып-соға бастады. Қатты соққыдан жолдасым жерге құлады. Ал көршінің үйіне келген еркек жерде жатқан күйеуімді тепкілей түсті. Мен араша болғаным сол маған да жұдырығы тиіп, тепкілей түсті. Әйтеуір үйтіп-бүйтіп пәтерімнен шығарып, есікті дереу жауып алдым. Ол еркек көршімнің күйеуі ме, әлде жай ғана бірге тұратын адамы ма? Ол жағын білмеймін. Көп көрмегенмін", — деді Анна Шмакова.

Зейнеткер дереу полиция мен жедел жәрдем қызметіне хабарласқан. Бұл кезде ес-түссіз жатқан күйеуі Олег Петровскийдің бетінің түгі қалмаған. Қанталаған, үлкен болып ісіп кеткен. Дәрігерлер оларды ауруханаға алып кетеді.

Зейнеткердің айтуынша, соққыға жығылған ер кісіге бас миының жарақаттануы диагнозы қойылған. Дәрігерлер алдағы аптада жақ тұсына операция жасаланатынын айтыпты. Ал сот-медициналық сараптама жеңіл жарақат деген қорытынды шығарыпты.

Ертеңіне учаскелік полицей келіп, жәбірленуші арыз жазады. Анна Шмакова күйеуін сабап тастаған ер кісі Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінде жұмыс істейтінін, майор екенін учаскелік полицейден білген. Алайда ол кешірім сұрап келмек түгілі, күйеуіме қысым жасап, қорқытты дейді.

"Бұрын адвокат болып істеген бір таныс әйел бар еді. Соған хабарласып, ақыл сұрадым. Өйткені мұндай жағдай басымызға алғаш рет түсіп отыр. Ол қайда арыз жазу керек, қандай құжат қажет екенін түсіндірді. Бірақ уақыт өте танысым өзгеріп шыға келді. Әлгі майор кешірім үшін 500 мың теңге ұсынғанын айтты. Мен бірден бас тарттым... Ал учаскелік полицейге өзімнің денем көгеріп, соққы алғанымды айтқанмын. Бірақ ол тек бір адамның арызы жеткілікті екенін алға тартты", — деді зейнеткер.

Оқиға болған күннен соң арада екі апта өткенде Олег Петровский кезекті ем алу үшін емханаға барған. Анна Шмакованың айтуынша, осы кезде ортаға делдал боп жүрген танысы оны сыртта күтіп алып, сөйлесу керек екенін айтқан.

"Көлікке отырғызған. Ал онда майор отырған. "Қолдарыңнан түк келмейді, адвокат жалдап бәрін шешіп тастаймын. Сендерде адвокат жалдауға да ақшаларың жоқ" деп қысым жасаған. Қызымды аналық құқығынан айырамын деп қорқытқан. Менің қызым азаннан кешке дейін жұмыста. Осы кезде немерелерімді бізге әкеп тастайды. Олардың сабағын қадағалап, өзіміз қараймыз. Тіпі маған құжат жүзінде сенімхат та жазып берген. Меніңше полиция майоры қызым балаларын маған тастап кететінін алға тартып, аналық құқығынан айырамын десе керек. Күйеуіме осылай қорқыту арқылы арыздан бас тартамын деп жаздырып алыпты", — деді Анна Шмакова.

Зейнеткердің сөзінше, іс сотта қаралған. Бірақ күйеуінің көк ала қойдай түрін көрсе де, іс қысқартылыпты. Амалы таусылған Анна Шмакова еріктілерден көмек сұрайды. Ондағылар адвокат тауып берген. Қазіргі таңда адокат бұл істі қолға алып, прокуратураға шағым түсіріпті.

Анна Шмакова күйеуін ұрып-соқты деген полицей заң аясында тиісті жазасын алса дейді.

"Қайта үйде өзім болып, күйеуіме араша түсіп қалдым. Мен болмасам өлтіріп алар ма еді. Ойланып қараңызшы, көшеде ерегісіп қалып, төбелеп кеткен жоқ. Түн ортасында үйіме баса-көктеп кіріп, оған қоса қан-жоса етіп сабалап отыр. Бүгін бізге жұдырығын ала жүгірді, ертең балаға атылып, біреуді өлтіріп қойса ше? Бізге ол адамнан ешнәрсе қажет емес. Бастысы, осы жасаған ісі үшін тиісті жазасын алсын", — деп сөзін түйді Анна Шмакова.

Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер ер кісіні соққыға жықты деп айып тағылған ер адам полицей екенін растады. Оған қатысты денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру кодексі бойынша әкімшілік хаттама толтырылыпты.

"Полиция қызметкеріне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-1 бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, заңды шешім қабылдау үшін Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданған. Қазіргі таңда осы полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр", — деді департаменттегілер.