Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Шымкентте 25 жастағы жігіт биік ғимараттан құлап мерт болды (ВИДЕО)

Ол күндізгі екі жарым шамасында 11-қабаттағы лифті шахтасында жұмыс істеп жатқанда төменге қарай құлаған. Жедел жәрдем жеткенше қайтыс болған.

Шымкентте 25 жастағы жігіт биік ғимараттан құлап мерт болды (ВИДЕО)
Фото: vice.com

Лифт шахтасы тағы бір адамның өмірін жалмады. Шымкентте салынып жатқан биік ғимараттың 11 қабатынан құрылысшы құлап, қаза тапты. Жоғарыда жұмыс істеп жүрген 25 жастағы жігіт құлаған жерінде алған жарақатынан жантәсілім еткен. Қазір қайғылы жағдайға байланысты еңбек инспекциясы жанынан арнайы топ құрылып, оқиғаны зерттеуге кірісті, деп хабарлады paryz.kz, Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Қас пен көздің арасында болған жағдай туралы әзірге толыққанды ақпарат жоқ. Белгілісі, көз жұмған Ердәулет Әлімов Отырар ауданы, Балтакөл ауылының тумасы екен. Ол күндізгі екі жарым шамасында 11-қабаттағы лифті шахтасында жұмыс істеп жатқанда төменге қарай құлаған. Жедел жәрдем жеткенше жүріп кетіпті.

Құрылыс басында жұмысшылар әдеттегідей еңбек етіп жүр. Кешегі қайғылы жағдайды күзетшіден бастап, қызметкерлерге дейін естіп білген. Сонда да жұмыстарын жалғастыруда. Бас мердігер компания өкілдерінің сөзінше, құрылысты қосалқы мердігер жүргізіп жатқан. Марқұм сол серіктестікте жалданып еңбек етіпті.

"Қауіпсіздік белдігі тағылмаған. Жұмысқа "без допуска" кіріп кеткен, сондай нәрселер көп. Жаназасына бара жатырмын қазір", - деді мердігер компанияның жетекшісі Рысқұлбек Дауырбаев.

Аталмыш дерекке байланысты еңбек инспекциясы шұғыл жұмыс тобын құрып, бүгін тексеруге кірісті. Еңбек қауіпсіздігі заңнамасының қаншалықты сақталғанын және кемшіліктер болса анықтамақшы.

"Енді осы алдағы 10 жұмыс күннің ішінде тексеру жұмыстары жүргізілгеннен кейін оның нақты қорытындысын айта аламыз", - деді Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Әлжан Мамадәлиев.

Ал тексеру комиссиясының қорытындысы полицияға тапсырылады. Қайғылы жағдай, жұмыс берушінің тікелей кінәсінен болғаны дәлелденсе, заң алдында жауап береді.

Жалпы, жыл басынан бері Шымкентте әртүрлі жұмыс орнында 30 шақты жазатайым жағдай тіркелген. Оның ішінде 11 адам ауыр дене жарақатын алса, өкінішке қарай, 4 жұмысшы көз жұмған. Сондықтан еңбек инспекциясы сақтық шараларын қатаң орындауға кеңес береді.