Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы барларды ұстап, полиция бөліміне жеткізді.
Қарағандыда болған жаппай төбелес салдарынан 3 ер адам жарақат алды, пышақ тиген. Біреуі ауруханада жатыр, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Олар қаладағы барлардың бірінде отырған. Паб жабылған соң далада жанжал туындаған. Оқиға орнына жеткен полицейлер төбелесті тоқтатты. Қарағанды облысы Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, жанжалға не себеп болғаны анықталып жатыр.
"Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы барларды ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Үшеуі жарақат алып, ауруханаға түсті. Біреуі ем қабылдап жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", - деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жанатай Сембеков.
Ауруханада жатқан бір адамның бауырына пышақ тиген. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақты. Қару қолданумен болған "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.