Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Көкшетауда 23 жастағы жігіт 23 млн теңгедей ақша ұрлаған

Ауыр қылмысты анықтау үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Оған Ақмола облыстық ПД бастығының өзі жетекшілік етті.

Көкшетауда 23 жастағы жігіт 23 млн теңгедей ақша ұрлаған
фото: inform.kz

Көкшетауда қарақшы парфюмерия сататын ЖШС-ның күзетшісін байлап, сейфтен 23 миллион теңгеге жуық ақшаны қолды еткен, деп хабарлады paryz.kz, облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Көкшетау қалалық ПБ кезекшілік бөліміне дабыл сигналы іске қосылған "Алтын Раушан" ЖШС-ның күзетші-операторы хабарлаған. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы күзетшіні байлаулы күйде тапқан. ЖШС парфюмерия өнімдерінің көтерме және бөлшек саудасымен айналысады.

"Анықталғандай, маска киген бейтаныс ер адам ЖШС директоры кабинетінің терезесін бұзу арқылы кеңсенің ішіне кірген. Артынша, бухгалтердің бөлмесіне еніп, металл сейфті бұзып, ондағы 23 миллион теңгеге жуық ақшаны ұрлап кеткен", - деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Осыған байланысты полиция ҚР ҚК-нің 192-бабы 4-бөлігі ("Қарақшылық") бойынша іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Сонымен бірге, ауыр қылмысты анықтау үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Оған Ақмола облыстық ПД бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин өзі жетекшілік етті.

"Жедел-іздестіру шарасы барысында елорда маңында Зеренді ауданының 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Одан 22 миллион теңгеден астам ақша тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды", - деп толықтырды ведомстводан.