Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Алматыда заңсыз құрылыс бастаған әйел алма ағаштарын отап жатыр

"Бұл жер – менің жекеменшігім. Не істегім келеді, өзім білемін. Маған ешқандай рұқсат алудың қажеті жоқ", - дейді жердің иесі Анна Бекбаева.

Алматыда заңсыз құрылыс бастаған әйел алма ағаштарын отап жатыр
фото: 24.kz

Жергілікті тұрғындар осылай деп дабыл қақты. Алайда, жұрттың жанайқайына құлақ асқан ешкім жоқ. Алатау бөктеріндегі жеміс-жидек ағаштары жоғалудың алдында тұр, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жанында заңсыз құрылыс жүріп жатқаны бұған дейін де айтылған. Араға апта салмай, дәл осы маңнан жеміс-жидек ағаштарын жаппай жайпап жатыр деген тұрғындардың тағы бір шағымы түсті. Аталған орынға журналистермен бірге Алматы қаласының мемлекеттік экологиялық инспекторлары және әкімдік қызметкерлері барған.

"Алматы қаласының бір тұрғыны осы таулы-баулы аймақтан 24 сотық жер телімін сатып алып, өзі басқа бір мақсатта құрылыс жұмыстарын жасамақ болған. Бұл жер телімінің нысаналы мақсаты жеке шаруашылық жүргізу құқығын беретін нысанаға жатады. Тұрғын үй салуға арналмаған жер. Біз қазір Алматы қаласының табиғатты қорғау полициясына ақпарат жеткіздік", - деді қалалық мемлекеттік экологиялық инспекторы Дінмұхамед Лесбеков.

Ол жердің иесі Анна Бекбаева атты әйел екен. Ағаштарды кесуге рұқсаты болмаса да, "қазаншының өзі еркі, қайдан құлақ шығарса" деп жұмысшы жалдап, біраз алма ағашын кестіріп тастаған.

"Бұл жер – менің жекеменшігім. Не істегім келеді, өзім білемін. Маған ешқандай рұқсат алудың қажеті жоқ. Ескі ағаштарды кесіп, орнына жаңа ағаштарды отырғызамын. Кейін отбасыммен келіп демалып тұрамын", - дейді ол.

Қала ортасындағы қарапайым тұрғындар үйінің қасындағы құлағалы тұрған ескі ағашты кестіру үшін әуре-сарсаңға түсіп жатады. Ал кейбіреулер жеміс беріп тұрған сап-сау ағашты еш кедергісіз кесе береді. Ал Жасыл экономика басқармасының мамандары біз рұқсат берген жоқпыз деп отыр.

"Алматы тауларында алмабақтардың кесілуіне байланысты Жасыл экономика басқармасынан ешқандай рұқсат қағаздар берілмеген. Қазір Алматы қаласының мамандандырылған прокуратурасына және Полиция департаментіне хат жолданды. Осы анықталған жайттар бойынша шара қолдану үшін. Солардан міндетті түрде жауап алғаннан кейін әрі қарай шаралар қабылдайтын боламыз", - деді "Жасыл экономика" басқармасының бас маманы Нұрлан Құттыбаев.

Жалпы, тау бөктеріндегі көрікті жерлердің қаншасы жекеге сатылып кеткені белгісіз. Егер сатып алушылардың әрқайсысы ойына келгенін істейтін болса, жеміс-жидек ағаштары көзден бұлбұл ұшқалы тұр. Ал ағаш азайса, топырақ қабатының өзгеретіні де анық.