Мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында үйдің жанындағы шаруашылық нысан өртеніп, екі газ баллоны жарылды деп хабарлайды Paryz.kz.
Оқиға Бескөл ауылында болған. Өрттің видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт бүгін таңертең болған.
Сағат 9.26-да Бескөл ауылындағы Лесная-Луговая көшесіндегі үйде өрт шыққандығы туралы хабар келді. Өртті сөндіруге №12 өрт сөндіру бөлімшесінің екі техникасы жіберілді.
Өрт сөндірушілер келгенше үйдің жанындағы нысан, гараж бен монша өртеніп үлгерген. Уақытша тұрғызылған нысан ішіндегі екі газ баллоны жарылды. Үй шаруашылық нысандарының барлығы бір шатырдың астында болғандықтан, өрттің жалпы аумағы 240 шаршы метрді құраған.
Мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.