Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қызылорда облысында әкім шеше алмаған күріш дауынының соңы жаппай төбелес пен атысқа ұласты

Экс-шенеуніктің күзетшілері диқандарды көлікпен қуып, үшеуін қағып кеткен.

Қызылорда облысында әкім шеше алмаған күріш дауынының соңы жаппай төбелес пен атысқа ұласты
Фото: azattyq ruhy

Қызылорда облысының Асқар Тоқмағамбетов ауылында күрішін ормақ болған шаруаларға жалдамалы күзетшілер оқ атып, автокөлікпен қағып, бірнеше адамды жарақаттаған, деп хабарлады azattyq-ruhy.kz.

Бұған дейін Сырдария ауданындағы күріш алқабының дауын не аудан, не облыс әкімі шеше алмағаны айтылған болатын. Алты айға созылған айтыстың соңы ақыры жаппай төбелеске ұласты. 

Тоқмағамбетов ауылының тұрғындары мен инвестордың (Қызылорда облысы әкімінің бұрынғы орынбасары – авт.) арасындағы дау қыркүйек айынан бастап күрделене түсті. Ауыл адамдары мәселені облыс басшылары дер кезінде шеше алмағандықтан, жағдай шиеленісіп кеткенін айтады. Соңғы төбелес 11 қазан күні болған. Жалдамалы жерге еккен күрішін жинау үшін тұрғындар комбайн апарған. Бірақ, бұл жолы да полиция мен инвестор Алдоңғаровтың күзетшілері жолды бөгеген, ораққа түскен комбайнның алдына көліктерін көлденең қойған. Бұған ашуланған ауыл адамдары атпен күзетшілерді тықсырып, комбайнның жолын ашып бермек болған.

"Төбелес кезінде адам көп болды. Алдоңғаровтың күзетшілері екі жаяу адамды, бір атты адамды қағып жарақаттады. Оқиғадан соң факт бойынша полиция кінәлілерді ұстап, тоқтату керек еді. Олар еш әрекет жасамады. Алдоңғаровтың Алматыдан әкелген күзетшілері қалаға кері қайтып кетті, оларды полиция ұстаған жоқ. Одан бері үш күн өтті. Ақпарат тарап кеткен соң шығар, енді ауруханада жатқандар мен ауыл адамдарына полиция келіп, арыз жазып беріңдерші деп жүр. Фактімен-ақ олар іс қозғай алар еді, бұлардың әрекеттерін түсіне алмадық", - деді А.Тоқмағамбетов ауылының Мағауия есімді тұрығыны.

Ауыл халқының түсіндіруінше, алқаптағы күрішті ақыры ауыл адамдары өздері орып алатын болған. Оған инвестор амалсыз келіскен көрінеді. "А.Тоқмағамбетов" ЖШС 105 гектар жерін жалға алған Азамат Сқақов пайы бар үлескерлерге 80 тонна күріш беруі тиіс болған. Бұл – жердің жалақысы. Бірақ, шаруашылықтағы мүліктің 90%-ын иемденген Алдоңғаровтар оларға тағы бір талап қойыпты.

"Күрішті өзіміз толықтай орамыз дегенмен, тағы бір мәселе шықты. Жерді жалға алу құны 80 тонна күрішпен өтелуі тиіс еді. Алайда, ол күрішті Алдоңғаровтың әйелі өзім алам, ешкімге бермеймін деп жатыр. Негізі ол күріш пайы бар үлескерлерге таратылуы тиіс. Кеше түстен кейін алқапқа аудан әкімі, прокуроры, бас полициясы және Алдоңғаровтың әйелі, ұлы, қарындасы келді. Алқапта жүз шақты адам болған еді. Инвестордың (М.Алдоңғаров – ред.) "қамқорлық" танытқанын айтты да, жылдам кетіп қалды", - деді кәсіпкер Азамат Сқақов.

Мәселеге журналистер араласқаннан кейін аудан әкімдігі шаруаларға проблеманы шешеміз деп уәде берген екен. Алайда, бір апта өтсе де сең қозғалмады дейді диқандар.

"Бір апта өтті, тыныш, күріштің уақыты кетіп барады. Бұлай болмайды деп қырманға бардық. Тағы сол күзетші мен полиция келді. Алдоңғаровтың Алматыдан алдырған күзетшілері тапаншадан аспанға бір, халыққа қарай бір оқ атты. Сосын екінші күзетші автоматты алып шығып, оқпанын сатырлатып дайындады. Кәрісі бар, аналар мен балалары бар, жүзден астам адам тұрған, шу болып кетті. Прокурорға "мыналарды тоқатыңдар" дедім. Олар үнсіз тұр. Таңертеңнен кешкі төртке дейін осы жанжал жалғасты", - деді ауыл тұрғыны Самат Диуанов.  

Аталған жағдайға байланысты Сырдария ауданының әкімдігі түсінік берді. Айтуларынша, қос кәсіпкердің дауы ақыры шешілген көрінеді.

"Асқар Тоқмағамбетов Жер" ЖШС-на тиесілі алқапқа егілген 105 гектар күрішті жинауға қатысты келіспеушілік туындады. Бұл мәселе Қызылорда облысы әкімінің қатысуымен шешілді. Бүгін аталған ЖШС жарғылық капиталының 90 пайызын иеленуші Алдоңғаров, қамқоршы Бисенбаева халықпен келісімге келді. Нәтижесінде, 105 гектардағы күрішті "Азамат" шаруа қожалығының төрағасы А.Сқақов жинайтын болды", - деді Сырдария ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ауыл адамдарына оқ атқан "AzamatSecurityGroup" күзет агенттігінің қызметкерлері екен. Олар травматикалық қарумен ("МР-47") аспанға қарата бір рет ескерту оғын атқан болып шықты. Енді осы әрекеті үшін олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 252-бабымен (өкілеттігін асыра пайдалану) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған.

"Күріш алқабында болған жанжал салдарынан "А.Тоқмағанбетов" ЖШС-нің заңгерін ауыл тұрғындары ұрып, дене жарақатын салу дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен ("Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы қоғамдық тәртіпті сақтамай, бұзақылық қылмысын жасау") сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл іс облыстық прокуратура және Полиция департаменті бастығының бақылауында. Сырдария ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері тарапынан заңсыз іс-әрекеттер немесе кәсіпкерлікке кедергі келтіру дерегі орын алмаған, қызметкерлер заң шеңберінде өздеріне тиісті міндетін атқарды", - деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.