Ұйымдастырушылардың бірі, америкалық қазақ полицейі Димаш Ниязов Instagram желісіндегі парақшасында суретін бөлісті.
Нью-Йорктегі қазақстандықтар "Борат-2" фильміне қарсы митингіге шықты. Желіде митинг кезіндегі видео пайда болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Митинг Нью-Йорктің адам көп жүретін жері - Times Square-де болды. Ұйымдастырушылардың бірі, америкалық қазақ полицейі Димаш Ниязов Instagram желісіндегі парақшасында суретін бөлісті.
"Түсінемін, елде проблема көп. Кез келген елде проблема бар. Бірақ, алға қадам басу арқылы біз оны шеше аламыз", - деді Димаш.
Димаш Ниязов Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында бейбіт митинг ойдағыдай өткенін айтты.
"Өтіп бара жатқан көп адам бастапқыда не болып жатқанын түсінбеді. Олар бұл жай кино деп ойлады, бірақ, олар неге қарсы шығып жатқанымызды түсінбеді. Көбі келіп, сұрап, суретке түсіп жатты. Біз оларға бұл фильм біздің елімізді, мәдениетімізді, халқымызды төмен етіп көрсеткенін түсіндірдік. Олар "Борат" фейк екенін түсініп, бізді қолдады. Жалпы, митинг позитив әсер қалдырды деп ойлаймын", - дейді Димаш Ниязов.
Нью-Йоркте тұрып жатқан қазақстандық Абзал Бекенов митинг кезіндегі видеоны бөлісті.
Қазақстандықтар Нью-Йорктың басты алаңына жиналды. Олар қолдарына плакат пен Қазақстанның туын ұстап шықты. Одан бөлек, отандастарымыз қазақша өлеңдер айтып, домбырада ойнады.
Еске салайық, фильм премьерасы 2020 жылғы 23 қазанда Amazon Prime-да - АҚШ президентін сайлау қарсаңында болады. Бірінші "Борат" 2006 жылы шыққан. Қазақстанда көрсетуге тыйым салынған. Егер екінші фильмді кинотеатрлардан көрсетпесе, тыйым сала алмайды.