Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Ақмола облысында мектеп шатырын жөндеу кезінде 9-сынып оқушысы құлап кетті

Баланың зардап шеккенін облыстық Білім басқармасы да растап отыр.

Ақмола облысында мектеп шатырын жөндеу кезінде 9-сынып оқушысы құлап кетті
фото: ашық дереккөз

Ақмола облысында мектеп шатырын жөндеу кезінде 9-сынып оқушысы құлап кетті. Осыған байланысты полиция іс қозғады деп хабарлайды Paryz.kz, Қазақпарат-қа сілтеме жасап.

Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, 10 қыркүйек күні сағат 12:25-те Ақкөл аудандық орталық ауруханасынан "жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, бас сүйегінің сынуы" диагнозымен 14 жастағы жасөспірімнің қабылдау бөлмесіне жеткізілгені туралы хабарлама түскен.

Белгілі болғандай, кәмелетке толмаған бала Ақкөлдегі Бектұров атындағы №3 орта мектепке барып, еңбек шартын жасаспай білім ордасының ғимаратын жөндеуді жүзеге асыратын қосалқы мердігер ұйымның бригадирінің тапсырмасын орындаған.

Техперсоналдың сөзінше, оқушы ғимараттың төбесінде жүргенде, аяғы тайып, жерге құлаған.

Бүгінгі таңда мектеп қашықтан жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккен кәмелетке толмаған бала таңертең бейнеконференция арқылы мектеп сабақтарына қатысқан. Ал баланың мектеп аумағында жүргенін білім ордасының директоры да білмеген, - делінген хабарламада.

Баланың зардап шеккенін облыстық Білім басқармасы да растап отыр.

Иә, расында да, бұл мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жұмысшы зардап шекті, ол - мектеп оқушысы. Қазіргі уақытта бала өз-өзіне келді, жарықты сезеді, көзін ашады. Аудандық аурухана дәрігерінің мәліметінше, санавиация дәрігері тексеріп, бала облыстық ауруханаға тасымалдауға мұқтаж еместігін айтты. Осы оқиға бойынша аудандық полиция бөлімі тарапынан тергеу жүргізілуде, - деді Білім басқарманың баспасөз қызметі.

Полиция департаментінің дерегінше, бүгінде Қылмыстық кодекстің 156-бабының 2-бөлігі ("Еңбекті қорғау ережелерін абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан бұзушылық") бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.