Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Шымкентте келесі курсқа көшпей қалған ЖОО студенттері шу шығарды

Курстан курсқа көше алмаған студенттер мен олардың ата-аналары мәселеге жауапты министрліктің араласуын сұрауда. 

Шымкентте келесі курсқа көшпей қалған ЖОО студенттері шу шығарды
фото: видеодан скриншот

Шымкенттегі Мирас университетінің студенттері шу шығарды. Бұған жекеменшік оқу ордасының  жүзге жуық білім алушысының келесі курсқа өтпей қалуы себеп болған. Студенттер мұны жаңа оқу жылы басталғанда бір-ақ білгенін айтады деп хабарлайды Paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Өткен жылы онлайн оқыған студенттер жаңа оқу жылында офлайн форматта білім алатындарын естіп, қалаға келген. Алайда олардың қуанышы көпке созылмаған. Жастар "Курстан курсқа көшпедіңдер" деген хабарды естіп, абдырап қалған. Олардың айтуынша, бұл былтырғы сессиядан қалған қарызбен байланысты. Бірақ студенттердің дені сессияны толық жапқанын айтып отыр.    

Сессия тапсырдық. Бірақ біздің жауабымыз қабылданбаған, - дейді студент Ербосын Бейсебай.

Мен оқудан шығып қалғанымды алтысынан кейін білдім. Оған дейін базаға кіргенімде бәрі шығып тұрған еді, - дейді тағы бір студент Мухтасар Юлдашева.

Мұндай қиындыққа тап болған студенттердің саны жүзге жуықтайды. Тіпті арасында үшінші курстағылар да бар. Студенттердің сөзінше, бұл оқу орнының арнайы ортақ базасындағы ақаудан кеткен қателік.

Екінші курсқа да өтпейді, бірге де өтпейді. Сен тек ҰБТ тапсырып, жаңа сертификатпен келесің деді. Мен төрт күн жүрдім. Төрт күннің ішінде төрт түрлі нұсқаны айтты", - дейді студент Аружан Лесова.

Студенттердің осылай сабылып жүргеніне бір аптаға жуықтаған. Бірақ олар жөні түзу жауап ала алмаған. Сондай-ақ оқу ақысына қатысты да түсінпеушілік туындаған.  

Келісімшарт бойынша 150 мың теңге құйғанбыз. Ал енді бізге 280 мың құясыздар деп отыр. Сол бір жылға төлеген ақшамыз күйіп кетіп жатыр. Енді бірге өткізе ме, екіге өткізе ме оны өздері шешетін сияқты, - дейді ата-ана Гүлнұр Әшірова.

Ал бұл мәселеге қатысты пікір білдіріген оқу орнының өкілі студенттер кеш қалғанын айтып отыр. Ендігі мүмкіндік тек қыста болады екен.

Оқу процесі басталып кетті. Біз академиялық кестемен жұмыс істейміз. Заң бойынша қайта қалпына келтіруге жазғы және қысқы каникул кезінде мүмкіндік бар. Қаңтар айында келіп, арыз жазып, оқуын жалғастыра береді, - дейді Мирас университетінің вице-президенті Ақмарал Даниярова.

Алайда басшылықтың бұл жауабы жиналғандарды қанағаттандырмаған. Курстан курсқа көше алмаған студенттер мен олардың ата-аналары мәселеге жауапты министрліктің араласуын сұрауда.