Шәйнек ұстаған атыраулық жол жөндеушілер жұртты күлкіге қарық қылды (ВИДЕО)

Ал әлеуметтік желідегі кейбір пікірлердің арасында "бұл шәйнек қанша миллион тұрады" және "оның бағасы жөндеу жұмыстарының құнына қосылған ба" деген сұрақ кездеседі.

Шәйнек ұстаған атыраулық жол жөндеушілер жұртты күлкіге қарық қылды (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде атыраулық жол жөндеушілердің жұмыс барысы туралы видео жұрттың көңілін көтерді деп хабарлайды Paryz.kz, "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап. 

Балықшыдағы көпірде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылар жолдың жарылған жерлеріне шәйнекпен бір сұйықтық құйып жатыр.

Бұл жөндеуді көптен күткен көпір. Бірақ қазіргі бейнежазбадан кейін көпшілік жасалып жатқан жұмыстың сапасына қатысты күмән келтіре бастады.

Жөндеуді осылай жасайды. Супер! - деп мысқылдайды бейнежазба авторы.

Ал әлеуметтік желідегі кейбір пікірлердің арасында "бұл шәйнек қанша миллион тұрады" және "оның бағасы жөндеу жұмыстарының құнына қосылған ба" деген сұрақ кездеседі.

"Мой город" басылымының хабарлауынша, "АИС-Атырауинжстрой" ЖШС мердігерлік компаниясы видеодағы жұмысқа түсініктеме берген.

Жолдың жарылған жерлері үлкен емес, сондықтан оны толтыру үшін арнайы құрылғы қажет болмады. Жарықтар 120-140 градусқа дейін қыздырылған битумдық мастикамен толтырылды. Жарықтарды құрылғысыз, қолмен толтырғанда ауызы жіңішке шәйнек, су құйғыш сияқты ыдыстарды пайдалануға болады, - деп түсіндірді мердігер компания.