Қала күнінде оралдық жастарға арналған бағдарлама көп

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Қала күні» мерекесі қарсаңында «Білімділер додасы» ұйымдастырылмақшы. ҚАЗИИТУ ғылым-білім кешені ғимаратында 12-13 қыркүйек аралығы өтетін білім білім сайысына әр сала озық әрі үлгілі оралдық жастар қатысады.

Қала күнінде оралдық жастарға арналған бағдарлама көп
Фото: Жұбан Мұрат

Бұл туралы өңірлік коммуникациялық қызмет алаңында өткен брифингте Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев пен Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев мәлімдеді.

-Аталмыш жоба 12 қыркүйек күні бастау алып, 6 қатысушыдан тұратын 10 команда кім мықты екенін сарапқа салатын болады. «Орал жастары» парақшасынан тікелей көрсетілім болатын жобаға әлеуметтік желідегі қала тұрғындары мен оқырмандар сұрақтарын жолдай алады. Ақтық мәреге жолдама алатын үш команда 13 қыркүйек күні «Ақжайық» телеарнасының эфирінде финалдық ойында жүздеседі,-деді Ерлан Ғалиев.

Қала күні мерекесін тойлауда жастарға арналған бағдарлама көп. Солардың бірі - жастар арасында жеке авторлық монологтар, қысқа әзілдер, көрермендермен импровизация, әзіл әндер, қойылымдар жанрын дамыту мақсатындағы «Stand-up шоу» кеші. Бұл шара тек жастардың ғана емес, барлық оралдық пен қала қонақтарының да көңіл-күйлерін көтеріп, бір серпілтері сөзсіз.

Жұбан МҰРАТ