"Орал Опера – 2021": Классикалық музыка кеші қала күні аясында

Қала күні аясындағы бірегей жобалардың бірі дәл осылай аталмақшы. Классикалық музыка кеші 16 қыркүйек күні Оралдағы жастар мәдениет үйінде өтеді.

"Орал Опера – 2021": Классикалық музыка кеші қала күні аясында
Фото: Жұбан Мұрат

Бағдарламада жергілікті әншілер, яғни классикалық өнердің шеберлері өнер көрсетеді. Олардың ішінде халықаралық, республикалық байқаулардың лауреттары, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Айбар Хайырханов, Эльмира Усаева, Ақсұлу Жұмалиева, Тарас Жауынбаев бар. Сонымен қатар қалалық үрмелі аспаптар оркестры, қалалық скрипкашылар ансамблі, вокалды аспаптар ансамбльдері де саханаға шықпақшы.

Қала күні мерекесі аясында республикалық V «Жайық сазы» дәстүрлі өнер фестивалі де ұйымдастырылады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Жайық өзенінің жағалауында болатын бұл шараға елімізге белігі өнерпаздар да қатыспақшы. Мәселен, Атырау қаласынан танымал күйші Жәнібек Жәмиев, танымал әнші Берік Амантаев, Ақтөбе қалаларынан дәстүрлі өнер шеберлері, “Арайлы Ақтөбе” фольклорлық ансамблі келмекші.

Облыстағы халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары және этно-фольклорлық ансамбльдері де сырт қалмайды. «Шараның мақсаты - ұлттық музыканы насихаттау, көнеден келе жатырған ұлттық аспаптарымызды дәріптеу» дейді ұйымдастырушылар. Бұл фестивальді көпшілік де «Ақжайық» телеарнасының тікелей эфирінен қарай алады.

Жұбан МҰРАТ