Қала күніне орай Оралда алғаш рет «JaiyqFilmFest» халықаралық қысқа метражды және деректі фильмдер кинофестивалі өтеді.
16-17 қыркүйек күндері болатын фестивальдің мақсаты - дарынды авторларды, режиссерлер, актерлар мен операторларды, фильмдерді анықтау және оларды танымал ету, өзара тәжірибе алмасу, Орал қаласында кино өнерін дамыту үшін бірегей алаң құру.
Кинофестивальге Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан, Беларусия, Франция елдерінен үміткерлер қатыспақ. Сонымен қатар жергілікті кинорежиссерлер де өтініштерін жолдауда.
Фестиваль аясында режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Конокрады» фильмінің тұсаукесері өтеді. Басты рөлде Канн кинофестивалінің жүлдегері актриса Самал Еслямова, актриса фестиваль қонағы ретінде тұсаукесерге қатыспақ. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ашылып жатқан «Жас толқын» республикалық киножурналының таныстырылымын өткізу жоспарлануда.
-Фестивальдің қазылар алқасында жерлесіміз, «Қазақтың Қыз Жібегі» атанған Меруерт Өтекешова апайымыз, «Анаға апарар жол» фильмінің басты рөлін сомдаған танымал актриса Алтынай Нөгербек, танымал әзілкеш, сықақшы, актер Нұрлан Қоянбаев, танымал кинооператор Қанатжан Мырзағалиев сынды кино өнерінің майталмандары және «Ақжайық» телеарнасының директоры Асыланбек Ғұбашев ағаларымыз фестивальге қазылық ететін болады,-дейді Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев.
Жұбан МҰРАТ