Оралда «Қала күні» мерекесі кең көлемде аталып өтілмек

Оралда 10-20 қыркүйек аралығында «Қала күні» мерекесі кең көлемде аталып өтілмек.

Оралда «Қала күні» мерекесі кең көлемде аталып өтілмек
Фото: Томирис Сұлтан

Мереке өңір жастарының қолға алған шараларымен басталады. Атап айтқанда, 10 қыркүйек күні қалалық мәдениет және демалыс саябағында заманауи би фестивалімен ашылады. Осы күні жыл бойы облыс аумағында өтікізіліп келген КТА ойындарының қорытынды кезеңі өтпек. Дәстүрлі  «Ақ Жайық – шеберлер қаласы» көрмесіне көршілес өңірлермен, Қырғызстан, Ресей Федерациясының қолөнершілері келеді деп күтілуде. «Орал – 2021» сән көрсетіліміне де көршілес елдердің дизайнерлері қатысуға ниет білдірген. Сонымен қатар осы шарада ерекше балалардың суреттері  мен қолөнер туындыларының көрме-аукционы ұйымдастырылады. Түскен қаражат мүмкіндігі шектеулі балалардың  қорына аударылады.   

Дәстүрлі «Орал опера – 2021» музыка кеші, «Әсем өлкем – Ақ Жайық», «Жайық сазы», «Жайықтың би әлемі» атты өнер фестивальдері өтеді. Мәдени шаралардың ішінде алғаш рет өткізілетін қысқаметражды кинофильмдер фестивалін ерекше атап өтуге болады. Фестиваль аясында режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Конокрады» фильмінің тұсаукесері өтеді. Басты рөлде ойнаған Канн кинофестивалінің жүлдегері, актриса Самал Еслямова  осы фестивальдің қонағы ретінде тұсаукесерге қатыспақ.

Бұдан бөлек көптеген спорттық шаралар жоспарланған. Ересектер арасындағы волейбол, ММА-дан халықаралық турнир, веложарыс жасөспірімдер арасында ұлттық ойындар өтеді. Ерекше жарыстардың бірі – «Тату көршілер». Кенттер, шағынаудандардағы бір аулада тұратын тұрғындар арасында әр түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылмақ.

Қала күні мәдени-спорттық шаралармен шектелмейді. Жастар ұйымдары қала аумағында сенбілік шарасын өткізуді қолға алды. Осы аптада Жайық жағалауында тазалық жүргізбек Еріктілеріміз жалғызбасты тұрғындарға, егде жастағы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетуде, – дейді қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.

Мерекелік шаралар гала-концертпен қорытындыланады. Осы кеште пандемиямен күресте алғы шепте жүрген дәрігерлер, өрт оқиғалары  кезінде дереу оқиға орнына жетіп, қауіптің бетін қайтарған өрт сөндіруші-құтқарушылар құрметтелмек.

Айта кетейік, шаралар онлайн және оффлайн форматта өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға сәйкес барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, 30  пайыздық толымдылықпен ұйымдастырылады.

 

Томирис СҰЛТАН