Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Қазақстанда қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленуде

Cоңғы 5 жылда (2016-2020 жж.) өндірісте зардап шеккендер саны 10,7% - ға (1683 адамнан 1503 адамға дейін) азайған, оның ішінде қаза болғандар саны 16,2%- ға (248 адамнан 208 адамға дейін) төмендеген.

Қазақстанда қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленуде
Дереккөз: gov.kz

Еңбек қауіпсіздігі – ел тұрғындарының кәсіпорындар мен жұмыс орнында өміріне қауіп төндіретін жайттардан сақтап қана қоймай, олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Республика бойынша жыл сайын кәсіпорындарда 1300-ден астам адам жарақат алатынын ескерсек, кей мекемелерде әлі де қарапайым еңбек қауіпсіздігі шараларарының қолға алынбағандығын көруге болады. Ендеше материалдың кезекті санын дәл осы тақырыпқа арнауды жөн көрдік.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, былтырғы жылы еңбек инспекторлары отандық кәсіпорындарға төрт мыңнан астам жаппай тексеріс жұмыстарын жүргізген және соның нәтижесінде 7260 бұзушылық анықталған.

Ведомство мәліметінше өткен жылы мемлекеттік бақылау нәтижелері еңбек заңнамасы бойынша анықталған 29-ға жуық бұзушылық еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты екенін, сондай-ақ еңбек қатынастары саласында 5 мыңнан астам және еңбек қауіпсіздігін қорғау саласында 2096 заң бұзушылық анықталған екен.

Атап айтқанда, негізгі бұзушылықтар: қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу – 20,6%; қызметкерлерді қауіпсіздік мәселелеріне оқытпау және олардың білімі мен біліктілігін арттырмау – 12,1%; жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз етпеу – 6,1%; кәсіпорындарда еңбекті қорғау бойынша қызметтің немесе жауапты тұлғаның болмауы - 1,5% екені белгілі болды.

Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша жұмыс берушілерге 2,5 мың ұйғарым беріліп, 182,2 млн.теңге соммасына 1 мыңнан астам айыппұл салынған.

Бұдан бөлек, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының  ақпараты бойынша былтырғы жылы Қазақстан кәсіпорындарында әлеуметтік сауалнама аясында сұралған 1,6 миллион адамның 367 мыңы немесе әрбір төртінші адам зиянды және қауіпсіз емес еңбек жағдайларында жұмыс істеген. Өңірлер бойынша зиянды және қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің ең көп саны Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында анықталған.

Белгілі болғандай, әрбір екінші қызметкер кәсіпорындағы шу мен дыбыс дірілінің жоғары деңгейі жағдайында, ал әрбір үшінші қызметкер – ауа райына қолайсыз қатты газдың ластануы және жұмыс аймағының шаңдануы жағдайында жұмыс істеген.

Сонымен қатар, тексеру нәтижесінде ауыр жұмыс еңбегімен айналысатын кәсіпорындарда 94 мың қызметкерлердің (орташа есеппен 5,7%) қызметкерлердің бар екендігі анықталды. Қазақстанда тек 2020 жылы 672 мың азамат зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 141 млрд. теңге сомасына түрлі өтемақы алған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 12%-ға артық көрсеткіш екенін атап өткен жөн.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, жыл сайын Қазақстанның кәсіпорындарында 1300-ден астам қызметкер жұмыс барысында ауыр жарақат алады, оның ішінде оның ішінде 200-ге жуығы қаза табады.

Осылайша, 2021 жылдың 4 айында еліміздің кәсіпорындарында 462 адам ауыр зардап шеккені, оның ішінде 59 азамат қайтыс болғаны белгілі болды. Экономика салалары бойынша 2020 жылы ауыр зардап шеккен азаматтардың ең көп саны тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында – 304 адам (20,2 %) және құрылыс саласында – 175 адам (11,6%) – екені анықталды.

Сонымен қатар, өңірлер тұрғысынан жарақаттанудың салдарынан ауыр зардап шегудің жоғары деңгейі Алматы қаласында (110 адам), Қарағанды (260 адам), Шығыс Қазақстан (209 адам), Қостанай (140 адам), Павлодар (112 адам) облыстарында тіркеліп отырғандығы мәлім болды.

Құзырлы ведомство өкілдері бүгінгі күні күрделі мәселелерді шешу мақсатында Қазақстанда 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттану және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы іске асырылып жатқанын жеткізді. «Ол  жұмыс орындарындағы кәсіби тәуекелдерді, өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайтуға, тиісті мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуге тікелей бағытталған еңбек қауіпсіздігі саласындағы жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды оңтайландыру бойынша шаралар кешенін көздейді», – дейді министрлік өкілдері.

Жол картасының бірінші бағыты бойынша заңнамаға жұмыс берушілер мен қызметкерлерге және Еңбек жөніндегі уәкілетті органға еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу, сондай-ақ оның жұмыс істеуі бойынша талаптарды көздейтін толықтырулар мен түзетулер енгізілгенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестерді құру мерзімдері заңнамалық түрде бекітілген, олардың міндеттеріне кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуына ішкі бақылауды қамтамасыз ету кіреді. Құрылыс алаңында еңбекті қорғау талаптарының сақталуы бойынша жалпы жұмыстарды ұйымдастырушы (бас мердігер) жүзеге асыратын норма көзделген.

Жол картасының екінші бағыт бойынша қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді регламенттейтін 8 нормативтік-құқықтық актіге, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 6 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сонымен қатар, кәсіби тәуекелдерді басқару мәселелерін реттейтін 4 жаңа нормативтік-құқықтық акті әзірленіп бекітілген. Өндірістік орта факторларының зияндылығы мен қауіптілігі, еңбек процесінің ауырлық көрсеткіштері бойынша еңбек жағдайларын бағалау мен жіктеудің гигиеналық өлшемдері (критерийлері) жаңартылған.

Жол картасының үшінші бағыты бойынша еліміздің кәсіпорындарында «Халықтық бақылау» жобасын енгізу жұмыстары жалғасуда. Өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастыру үшін кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі 15 мыңнан астам өндірістік кеңестер құрылған, онда 17 мыңнан астам техникалық инспектор еңбек жағдайларының жай-күйіне ішкі бақылауды жүзеге асырады. Еліміздің 2 796 кәсіпорнында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі арнайы стандарттар енгізілген (OHSAS 18001).

ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы, сондай-ақ, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін жалпы бағалау және оларды аттестаттау нәтижелері бойынша еңбекті қорғау жөніндегі шаралар кешенін өткізу мақсатында 2020 жылы 3 397 өндірістік объект аттестатталғанын хабарлады.

Анықталған бұзушылықтарды жойғанға дейін мемлекеттік еңбек инспекторлары 207 лауазымды тұлғаны қызметінен босатқан, еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары еліміздің құқық қорғау органдарына 1234 материал жіберді, олар бойынша 173 қылмыстық іс қозғалғаны анықталды.

Жол картасының төртінші бағыт бойынша 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленуде, ол еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған ұлттық жүйесін құру мақсатында әлеуметтік әріптестік тараптарының белсенді қатысуын қамтамасыз ететін жүйелі шараларды айқындайтын болады. Норма шығару қызметі аясында тиісті жұмыстарды 2021 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, 2019 жылғы 17 маусымда Женева қаласында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен «нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету жөнінде өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Бүгінгі күні еліміздің 216 кәсіпорны осы тұжырымдаманы қолған.

ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы жалпы елімізде қабылданған шаралар өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Мысалы ретінде, соңғы 5 жылда (2016-2020 жж.) өндірісте зардап шеккендер саны 10,7% - ға (1683 адамнан 1503 адамға дейін) азайған, оның ішінде қаза болғандар саны 16,2%- ға (248 адамнан 208 адамға дейін) төмендеген. Жоғарыда аталған барлық іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай келесі көрсеткіштерге қол жеткізу күтіледі:

  • жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициентін 1000 жұмысшыға шаққанда 0,20%-ға дейін төмендету (2020 ж. - 0,23%);
  • зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің үлес салмағын 20%-ға дейін қысқарту (2019 ж. – 22,3%)

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша жыл сайын әлем елдерінде 270 млн жуық жазатайым оқиғалар орын алады және соның нәтижесінде 160 млн-ға жуық кәсіби аурулар тіркеледі, сондай-ақ олар 2 млн-нан астам адамның өмірін қиятынын атап өткен жөн.