2021 жылдың 5-ші қаңтарынан бастап бұл мүмкіндіктер республиканың 40 қаласының тұрғындарына, ал мамырдан бастап барлық қазақстандықтарға берілді.
Бүгінгі күні елімізде жұмыс істейтін, бірақ тапқан табыстары отбасы мүшелерінің ең төменгі мұқтаждығын қанағаттандыру үшін әлі де жеткіліксіз және жұмыстан кеткен қандай қазақстандық азаматтар атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) үміткер бола алатыны туралы айтатын боламыз.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша АӘК-ке отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен азаматтарға тағайындалады. Әрбір өңір үшін ай сайын ең төменгі тұтыну қоржыны құнының өзгеруіне байланысты жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі есептеледі. Бірақ, көбінесе бұл жәрдемақылар ағымдағы қаржы жылына белгіленген көрсеткіштен артық есептеледі.
Биылғы жылы Қазақстан бойынша ең төмен күнкөріс деңгейі 34 302 теңгені құрайды. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы үшін Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес 2021 жылғы маусымда жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 553 теңгені құрады. Осы орайда, көптеген басқа өңірлердегі күнкөріс деңгейінің мөлшері Нұр-Сұлтан қаласына қарағанда аздау болатынын атап өткен жөн.
Егер, отбасының барлық табыстары, оның ішінде жалақы, жәрдемақы, декреттік төлемдер, зейнетақы және т.б. оның мүшелерінің санына бөлінсе және алынған сома өңірдегі белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан аз болса, онда отбасы аз қамтылған болып саналады. Осы ретте, АӘК мөлшері отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы үшін күнкөріс минимуна тең болады, яғни бұл кедейлік шегі болып табылады. Мысалы, тіркелген жалпы республикалық күнкөріс минимумын алайық. Оның 70%-ы 24 012 теңгеге тең. Егер, отбасының табысы бір адамға 20 000 теңгеге тең болса, онда оның әрбір мүшесіне 4 012 теңгеден қосымша ақы төленетінін ескеру қажет.
Ал, егер жан басына шаққандағы орташа табыс мөлшері 25 000 теңгеге тең болса, онда ең төменгі күнкөріс деңгейінде отбасы аз қамтылған болып саналмайды және оған АӘК салынбайды. Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысын анықтау кезінде есепке алынбайтын табыстар да бар екендігін атап өту маңызды. Бұл жерлеуге арналған төлемдер, бала тууға арналған біржолғы төлем, мүгедек балаларға арналған жәрдемақы, стипендия, батыр аналарға берілетін жәрдемақы және басқа да ақшалай көмек түрлері болып есептеледі.
Атап айтқанда, 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша тиісті АӘК-ті алуға Қазақстанда тұратын 168,3 мың отбасының 816,2 мың адамына тағайындалды және биылғы жылы оларды қамтамасыз етуге мемлекет бюджетінен 122,8 миллиард теңге бөлінген.
Сонымен қатар, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру аясында елдің барлық өңірлерінде аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша АӘК алушылар санынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі 201,5 мың бала азық-түлік және үйге қажетті тұрмыстық химия жабдықтарын алған. Бұл ретте, АӘК үш айға тағайындалады және әр тоқсан сайын отбасы бір рет оны алу құқығын растауы қажет. Егер, отбасының табысы кедейлік шегінен асып кетсе, онда төлемдер тоқтатылады.
Сонымен бірге, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай режимі мен шектеу карантиндік шараларының қолданылуына байланысты, өткен жылдың екінші тоқсанынан бастап ағымдағы жылдың екінші тоқсанына дейін тиісті АӘК-ті алушыларға көмекті тағайындау автоматты түрде ұзартылғанын хабарлады.
Сонымен қатар, АӘК шартсыз және шартты болатынын ескерген жөн. Шартты көмек табысы кедейлік шегінен төмен жалғызбасты еңбекке қабілетті азаматтарға немесе еңбекке қабілетті аз қамтылған отбасына мүшелеріне тағайындалады. АӘК-ті еңбекке қабілетті азаматтар оларды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыспен қамту орталығы тарапынан көмек алуға хабарлаған жағдайда тағайындалады. Әйтпесе, материалдық көмек оның барлық отбасына берілмейтін болады.
Шартсыз АӘК-ті еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға немесе I және II топтағы жалғызбасты мүгедектерге, зейнеткерлерге және т.б. тағайындалады. Шартсыз АӘК, егер отбасының еңбекке қабілетті жалғыз мүшесі еңбекке жарамсыз туыстарына, соның ішінде қарт ата-анасына немесе үш жасқа дейінгі балаға қамқорлық жасаған кезде тағайындалатынын атап өту керек. Осыған байланысты, АӘК алуға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына, сондай-ақ электрондық үкімет порталына беруге болады.
Бұдан бөлек, АӘК-ті тағайындау кезінде барлық еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмысқа орналасуы міндетті шарт болып табылады. Егер, АӘК-ке үміткердің тұрақты жұмысы болса, бірақ оның жалақысы және құрамына зейнетақы, жәрдемақы, декреттік төлемдер және т.б. кіретін отбасының басқа да табыстары отбасының әрбір мүшесін кедейлік шегінің сомасымен қамтамасыз ету үшін әлі де жеткіліксіз болса, онда АӘК тағайындалады.
Ал, егер АӘК бойынша еңбекке қабілетті үміткердің тұрақты жұмысы болмаса, ол жұмыспен қамту туралы шараларға қатысуы тиіс. Атап айтқанда, ол белсенді жұмыс іздеп, тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығының ұсыныстарына жауап беруі қажет. Егер, отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартса, онда мұндай отбасына АӘК тағайындалмайтынын міндетті түрде ескеру қажет.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына мынадай кәмелетке толған азаматтар:
- бірінші және екінші топтағы мүгедектер;
- күндізгі оқу нысанының студенттері;
- екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдар;
- үш жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, бөгде адамның күтіміне және көмегіне мұқтаж сексен жастан асқан қарттарды бағып-күтуді жүзеге асыратын адамдар қатыса алмайды.
Жұмыстан босатылған АӘК алушыларға не істеу керектігі туралы айтсақ, табысты растау үшін жалақы туралы анықтама беру қажет емес, тек сәйкестендіру үшін жеке куәлікті көрсету жеткілікті болып табылады. Жұмыспен қамту орталығының мамандары табыстар жөніндегі барлық деректерді «Е-халық» ақпараттық жүйесі бойынша алатын болады.
АӘК тағайындау кезінде тұрақты жұмысы жоқ еңбекке қабілетті отбасы мүшелерімен міндетті түрде әлеуметтік келісімшарт жасалады, онда отбасының өмірлік қиын жағдайдан шығуы үшін қолдау шаралары, оның ішінде жұмысқа орналасу шарттары жазылады.
Тұрақты жұмыстан босатылған жағдайда АӘК алушы әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына міндетті түрде жүгінуі қажет. Отбасының еңбекке қабілетті мүшесі әлеуметтік келісімшарт жасасудан бас тартқан жағдайда, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасына тоқтатылатынын ескеру қажет.