Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Ақмола облысында жұмысшылар екі жылдан бері жалақы алмаған

Құрғақ уәдеге әбден ашынған жұмысшылар жуық арада мәселесі шешілмесе ел Президентіне ұжымдық хат жолдайтынын және елордаға барып орталық алаңда минтинге шығатындарын да ашық айтты.

Ақмола облысында жұмысшылар екі жылдан бері жалақы алмаған
фото: sputnik.kz

Ақмоладағы "Ардагер Неруд" кәсіпорнының жұмысшылар алдындағы қарызы 24 млн теңгеге жеткен деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Екі-үш жылдан бері "Ардагер Неруд" серіктестігінен жалақы ала алмай ашынған жұмысшылар зауыт кеңсесінің алдына жиналды. Қарыздың жалпы соммасы 24 млн теңгеге жуықтаған.

"Ардагер Неруд" кәсіпорынында істеген жұмысымыз үшін айлық ала алмай жүрміз. Тіпті 2018 жылдан бергі зейнетақы аударымдары да жоқ екен. Кімге барып, кімнен көмек сұрайтынымызды да білмейміз, - деп налиды жұмысшылардың бірі Бағлан Шекебаев.

Әділдік іздеп Көкшетаудағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа екі-үш рет ұжым болып арызданыпты. 6 қыркүйекте сот шешімі шыққан. Алайда, сот Жұмабек Әбіловтің 2019-шы жылдары "Ардагер Неруд" серіктестігінің директоры қызметін атқармағанын негізге ала отырып, жұмысшылардың қарыз сомасын өндіріп алу туралы арыз талабын қанағатсыз қалдырыпты.

Жалақысын іздеген жұрт тілшілермен бірге былтыр маусымның 24-і инсульт алып, сырқаттанып қалған "Ардагер Неруд" серіктестігінің бұрынғы директоры Жұмабек Әбіловпен жүздесуге еріп барды.

Жұмабек Әбіловтің сөзінше, зауыт құрылтайшысы бұйрығымен оны 2015 жылдың 5 маусымында директор қызметіне тағайындаған. Содан бұл қызметті 2020 жылдың 24 мауысымына дейін атқарған.

Ақырғы кезде жалақыны ешкімге де төлеген жоқпыз. Зейнетақы аударымы да жасалмады. Неге десеңіз ақша болған жоқ. 2017 жылы "Ардагер Неруд" серіктестігі бірнеше кәсіпорынмен бірлесіп халық банкінен қомақты қаражат несие рәсімдеген. Оның ішінде "Жәрдем" серіктестігі де болған. Алайда банкке тек біздің "Ардагер Неруд" берешек болып шыға келді. Кейін барлық бастамаларымызды банк үнемі шектеумен болды. Мүлдем жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Осы себепті дайын өнімдерді де саудаға шығара алмадық, — дейді ол.

Банкротқа белшеден баттық деген "Ардагер Неруд" кәсіпорнының жұмысшыларға қарызы туралы облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармаға да сұрау салдық.

Ақмола облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының мәліметінше, 2021 жылы "Ардагер Неруд" серіктестігінің бір қызметкерінен жалақы туралы өтініш келіп түскен. Бұл өтініш Президент Жарлығы бойынша 2020-2023 жылдар аралығындағы шағын және микро кәсіпкерлік субьектілеріне тексеріс жүргізуге мараторий жариялауына байланысты аталған кәсіпорынға еңбек инспекциясынан тексеріс жүргізілмеген. Бірақ жұмыс берушіге ҚР еңбек заңнамасы нормаларын сақтау туралы хат жолданған. Өтініш берушіге жеке нотариусқа барып, атқарушы хат алып, жеке сот орындаушыға жүгіну туралы түсіндіру жұмысы жүргізілген.

Құрғақ уәдеге әбден ашынған жұмысшылар жуық арада мәселесі шешілмесе ел Президентіне ұжымдық хат жолдайтынын және Елордаға барып орталық алаңда минтинге шығатындықтарын да ашық айтты.