Орал қаласының әкімдігімен мектептердің инфрақұрылымына баса мән берілуде.
Бұл ретте жаңа мектеп ғимараттары бой көтеріп, апатты жағдайдағы білім ұйымдарын жою, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Мәселен, өткен жылы 900 орынға арналған №51 мектеп ғимараты тапсырылды. Оған ескі ғимараттағы Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі көшірілді. Эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназиясы «Самал» шағынауданында бой көтерген жаңа ғимаратқа ауысып, мұнда да оқушылар санын арттыруға мүмкіндік туды.
Қазіргі уақытта қалада №33 мектептің орнында жаңа ғимарат салынуда. 300 орындық білім нысаны жыл соңына дейін тапсырылып, оқушылар мен ұстаздар өздерінің мектептеріне оралады. Сондай-ақ Бортау елідмекенде №18 мектептің жаңа ғимаратының құрылысы да қарқынды жүруде. Сөйтіп жаңа мектеп салу арқылы үш ауысымды оқыту мәселесін шешу көзделіп отыр.
№13 орта мектеп пен №15 «Ақбота» мектепке дейінгі ұйымы «Энергия тиімділігі мен энергияны үнемдеу бойынша жаңғырту бағдарламасы» аясында күрделі жөндеуден өтсе, барлық мектеп жаңа оқу жылы алдында ағымдағы жөндеу жасады. 17 білім ұясы қажеттілікке орай орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар 14 мектептегі төтенше жағдай салдарын қалпына келтіру жұмыстарына 142 млн. теңге қаралды.