Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Оралда тіл фестивалі өтті

Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Оралда «Тілдің мерейі – елдің мерейі» атты фестиваль өтті. Фестивальде тіл жанашырлары мен тіл фестивалі аясында жыл бойы оздырылған шараларда танылған үздіктер Орал қаласы әкімі А.Шыныбековтың атынан алғыс хатпен марапатталды.

Оралда тіл фестивалі өтті
Фото: Томирис Сұлтан

Өңірде тіл мәртебесін көтеріп, қолдап жүрген тіл жанашырлары аз емес.Тіл саясатын жүзеге асыру бағытында олардың қолдауымен бірлескен жұмыстар жүргізіліп, ономастикалық ахуал, құжат айналымын мемлекеттік тілге  көшіру реттелуде. Салтанатты  жиында шаһар басшысының орынбасары Ерлан Ғалиев Қазақстанның тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде қалада атақарылып жатқан жұмыстарды баян етті.

"Биыл идеологиялық тұрғыдан ескірген, мемлекеттік тілдегі жазу транскрипциясы ретсіз бір кент, екі елдімекен, бір алаң және он бір көшенің атауы қайта өзгертілді. Сонымен қатар былтыр 53 елдімекен, көше-даңғыл атаулары өзгерді. ҚР «Тіл туралы» заңының талаптарын сақтау бойынша шағын және орта  бизнес өкілдерімен жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта тіліміздің кең насихатталуына қала тұрғындарының 90 пайызы қолданатын қоғамдық көліктерде де ерекше мән беріледі. Автобустардағы жарнамалар, нұсқаулықтар арнайы құрылған жұмыс тобының бақылауына алынып отыр. Осыған дейін ескірген немесе мағынасы жоқ аялдама атаулары осы жұмыс тобында бірнеше рет талқыланып, ретке келтірілуде", – деді Ерлан Ерсайынұлы.

Салтанатты фестивальде ұстаз-ақын, жұбантанушы Ү.Елеубаева, М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың оқытушысы Н.Алмағамбетова, Орал қалалық Полиция басқармасының полиция лейтенанты  Р.Литвинов, ҚР Ұлттық банкінің БҚО филиалының жетекші маман-аудармашысы А.Шерниязова, «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ БҚО филиалының сарапшысы Ж.Мұсақұлова, «Тіл әлемі» жобасының жетекшісі Ә.Балахметова, қалалық жастармен жұмыс жөніндегі  ресурстық орталығының кеңесшісі Е.Кінәмаев және басқалары тіл саясатын жүзеге асырудағы белсенділіктері үшін қала басшысының алғыс хатына ие болды.

Шарада «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп ұрпағына есті сөз қалдырған Абай Құнанбайұлының өсиеті мен Ахмет Байтұрсынұлы, Мыржақып Дулатов, Сәкен Сейфулллин сынды ұлылардың тіл туралы ойлары сахналық көрініспен жеткізілді. Қойылым «Тәуелсіздік» хореографиялық композициясымен жалғасты. «Оралым» фольклорлық ансамблі мен мәдениет үйі  өнерпаздары өнер көрсетті. «Ару мекенім» атты сурет көрмесі көпшліік назарына ұсынылды.

Айта кетейік, қалада мемлекеттік қызметшілер арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген «Ана тілім – арым», өндірістік кәсіпорындар мен коммуналдық мекемелер арасындағы «Мемлекеттік  тіл – менің тілім», БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері қатысқан «Тіл – тұтастық туы» байқаулары тілдің қолданыс аясын кеңейтуде оң әсер етіп келеді. Мемлекеттік  мекемелерде  ғана емес, коммуналдық мекемелерде, үкіметтік емес ұйымдар мен шағын және орта бизнес субъектілеріндегі құжат айналымдарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне ден қойылуда.

Томирис СҰЛТАН