Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Коронавирусқа қарсы екпе алғандар ұтысқа ие болды

Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті осыдан екі  ай бұрын коронавирусқа қарсы екпе  алғандар арасында ұтыс жариялаған болатын. Оқу жылының алғашқы күндерінде  акция қорытындыланып, ұтыс иегерлері «Менің қауіпсіздігім – қоғамның қауіпсіздігі» шарасында анықталды.

Коронавирусқа қарсы екпе алғандар ұтысқа ие болды
Фото: Томирис Сұлтан

Әлем екі жылдан бері тәж вирусымен күресіп келеді. Карантиндік шектеулерден арылып, қалыпты өмірге оралу үшін ұжымдық иммунитет қалыптасуы қажет. Яғни, індетті ауыздықтаудың бірден-бір жолы – вакцина салдырту. Бұл, әсіресе,  жыл жарым уақыт қашықтан білім беріп, мамандарды даярлап келе жатқан оқу орындары үшін де зор маңызды. Дәстүрлі оқыту форматына көшуді қамтамасыз етуде оқу орындары оқытушылар мен студенттердің вакцина алуын белсендіру шараларын ұйымдастырды. Нәтижесі жоғары. Бүгінде Оралдағы Жәңгір хан университетінің оқытушы-профессорлар құрамының 93,5 пайызы, білім алушылардың 90 пайызы  екпе алып, қауіпсіз университет ретінде оқу жылын бастап отыр.

– Акцияның басты мақсаты – студенттерді, университет ұжымын салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, денсаулықтың маңыздылығын ұғындыру. Оған қоса коронавирус індетіне қарсы вакцина алудың мәнін түсіндіріп, қарқынын жеделдету. Екпе ала отырып, қоғамның қауіпсіздігін ойлаған әріптестерімізге, студенттерімізге университет тарапынан түрлі жеңілдіктер ұсынып, жалпы қоғамды жаппай екпе алу арқылы короновирус індетін жеңуге шақырып отырмыз, – деген оқу ордасының басшысы Асқар Наметов пандемия кезінде ауызбіршілік танытқан ұжымның ұйымшылдығын атап өтті.

Акция аясында алғаш вакцина алған 150 студенттің оқу төлемдеріне 5 пайыз жеңілдік тағайындалды. Оған қоса вакцина алған профессор-оқытушылар, қызметкерлер құрамынан – 504, білім алушылардан – 705 адам арасында ұтыс ойындары оздырылып, түрлі бағалы бұйымдар мен жолдамалар ойнатылды. 1 курс студенттері арасында университет асханасынан бір ай тегін тамақтануға және жаттығу залына жолдама ұтқандар да бар.

Жалпы 18 демеушіден – 140 сыйлық ұсынылып, екпе алған оқытушылар мен студенттерді ынталандыру іс-шараларына университет түлектері мен демеушілер қолдау көрсеткен.

Томирис СҰЛТАН