JaiyqFilmFest: Оралдықтар деректі фильмдерді тамашалай алады

Орал қаласы әкімдігі және «Qaiyr» қоры «JaiyqFilmFest» халықаралық қысқаметражды және деректі фильмдер кинофестивалі өтетінін хабарлады. Кинофестиваль ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және «Қала күні» мерекесіне орай жарияланып отыр.

JaiyqFilmFest: Оралдықтар деректі фильмдерді тамашалай алады
Фото: Томирис Сұлтан

Фестивальге қатысушылардың жасы шектелмейді, байқау шарттарына сәйкес барлық құжаттарды 10 қыркүйекке дейін ұсынған үміткерлер қатыса алады. Ұйымдастырушы «Qaiyr» қорының төрағасы Алпамыс Шәрімовтың мәліметінше,  фестивальге елімізден және өзге  мемлекеттерден де қатысуға ниет танытқандар көп.

 – Біріншіден, мұндай фестивальдер көбіне Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты мегополистерде ғана ұйымдастырылып келеді. Ал шағын қалаларда өтпейді. Мәселен, Канн кинофестивалін ұйымдастыру арқылы Францияның осы қаласы дүниежүзіне танымал болды. Халқы не бары 74 мың адам. Яғни, тұрғындары біздің Оралдан 5 есеге аз. Канн осы бір ғана фестиваль арқылы іргесіндегі Ницца, Монте-Карло қалаларының да туристік-экономикалық әлеуетінің дамуына серпін берді. Біздің мақсат Оралда туризмді дамытуға үлес қосу. Әрине, бірден бола қоймас. Десек те, Орал – өте әдемі қала. Кино түсірушілер үшін камера нысанына алатын объектілер жетерлік. Осы орайда ХІХ, ХХ ғасырдан сақталған архитектуралық ескерткіштерді таныстырсақ дейміз. Бұдан бөлек, Оралдан эксклюзивті өнерімен танылған дарындар мен таланттар аз емес. Осы фестиваль енді кино саласындағы жаңа толқынның шығуына сеп болады деген сенім бар, – дейді  Алпамыс Шәрімов.

Кинофестиваль жеңімпаздары  «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік сценарий», «Үздік ер адам бейнесі», «Үздік «әйел адам бейнесі», «Үздік опеарторлық жұмыс», «Үздік деректі фильм» номинациялары бойынша марапатталады. Сондай-ақ  қазылар алқасының арнайы сыйлығы ұсынылмақ.

Айта кетейік, «Қала күні» мерекесі аясындағы шаралар 10 қыркүйектен басталады деп күтілуде. Ал кинфестиваль 16-17 қыркүйекке жоспарланған.      

Томирис СҰЛТАН