Оралда көпқабатты үйлер бойынша 500-ге жуық аула болса, олардың 390-ы абаттандырудан өткен.
Аулалардың біразы 2007-2008 жылдары басталған арнайы бағдарлама аясына жөнделген еді. Алайда бүгінгі таңда оларда қайта жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Соған орай 2021-2023 жылдарға арналған «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы басталды.
-Бұл бағдарламаның басты мақсаты – «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындармен бірге арнайы әдістеме дайындап, аулаларды кешенді түрде жаңартып, жаңғырту,-дейді Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.
Биыл 51 ауланы абаттандыру үшін жергілікті қазынадан 2 млрд. теңге бөлінген. Бағдарламаға қатысуға ниеттенген көпқабатты үй тұрғындары Орал қалалық әкімдігінің сайтына өтініш қалдырады. Осыған байланысты өткен жылдың қазанынан бастап ақпараттық хабарламалар жарияланып, тұрғындардың өтініштері жинақталуда. Қазіргі таңда 120-дай үйден өтініш түсіпті.
Сондай өтініш қалдырғандардың бірі - Абай даңғылы 51 мекенжайындағы көп қабатты үй тұрғындары. Қазіргі уақытта тұрғындар өтініші бойынша аула жолы жөнделуде. Балалар ойын алаңының құрылысы келер жылға ауысуы мүмкін. Жалпы алдағы жылға 19 ауланың абаттандыру жұмыстары бойныша жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалған.
Жұбан МҰРАТ