Прямая трансляция

Астана

Астана

3°C

"Жалақы көбейгеннен мұғалімдердің ажырасуы жиілеп кетті ме?"  - Білім министрі түсіндірді

Ол сонымен қатар заң қабылданар алдында оның идеологиялық әсері де зерттелетінін алға тартып отыр. 

фото: видеодан скриншот

Елімізде соңғы жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы едәуір өсті. Ұстаздардың санатына, ғылыми дәрежесіне, еңбек өтіліне байланысты жоғарылайды деп хабарлайды Paryz.kz.

Qasqa Jol Youtube арнасына сұхбат берген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен журналист Абай Сейфулла «Мұғалім мәртебесі туралы» заңның идеологиялық салдары туралы сұрады. 

Ұстаздардың 80%-ы әйел азаматтар. Ал ауылдарда ер адамдардың көбінің жалақысы аз. Осының әсерінен жоғары жалақы алатын әйел мұғалімдер өз еріктерімен күйеулерінен ажырасу фактілерін жиі естіп жатырмыз. Сіздер заңды қабылдағанда бұл мәселені ескердіңіздер ме? - деп сұрақ қойды ол. 

Заң қабылданарда өте көп талқыланды. Қазір оған көпшіліктің көзқарасы дұрыс сияқты. Жалпы бұл заң көп мәселені өзгертті, әлі де өзгертеді. Мықты балалар осы заңның әсерінен мұғалім мамандығын таңдап жатыр. Жалақыға қатысты айтар болсақ, Ақмола облысындағы ұстаздармен кездескенде бір мұғалім 350 мың, бірі 340 мың, бірі 430 мың жалақы алып жатқанын айтты. Қажет болса, мұғалім жалақысы бұдан да көп болуы керек. Ал айлықтың көптігі әсерінен ажырасуға барып жатыр дегенді мен бірінші рет естіп отырмын. Менің ойымша – бұл жүйелі проблема емес, - деді Асхат Аймағамбетов. 

Ол сонымен қатар заң қабылданар алдында оның идеологиялық әсері де зерттелетінін алға тартып отыр. 

Заңды құқықтық және экономикалық жағынан қарау жеткіліксіз болады. Сондықтан мәдениет жағынан, әлеуметтік, идеологиялық тараптан да қараймыз. Талқылауға әр түрлі өңірден ұстаздарды шақырамыз. Өзіміз ғана шешім қабылдамаймыз, - деді Білім және ғылым министрі.