Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Петропавлда жатақханадан орын ала алмаған студенттер шу шығарды

Ал студенттердің жатақхана мәселесін шеше алмаған университет басшылығы жаңа оқу жылы бір аптаға кеш басталатынын мәлімдеді.

Петропавлда жатақханадан орын ала алмаған студенттер шу шығарды
фото: видеодан скриншот

Петропавлдағы Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттеріне жатақханадан орын жетпей жатыр. Өзге қалалар мен оңтүстік өңірлерден "Серпін" бағдарламасымен білім алуға келген студенттер бір аптадан бері тәулігіне 8 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатыр деп хабарлайды Paryz.kz, 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Ал университет басшылығы барлығына бірдей орын жетпейді, сондықтан өз күндерін өздері көрсін деп отырған көрінеді. 

Таң атқаннан күн батқанға дейін жатақханаларының табалдырығын тоздырып, орын сұрап шаршаған студенттердің көбі Петропавлға оңтүстік өңірлерден "Серпін" бағдарламасымен келген. Сөздерінше, жатақханаға орналасу үшін бес күн бұрын жолға шыққан.

Тағы оқи отырыңыз: Оралда ата-аналар балаларын мектепке жібермей отыр

Күндікке 2 бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Күніне 8 мың теңгеден. Бүгін 6 күн. Әлі жатақханаға кіре алған жоқпыз. Орын толып қалды деп жатыр. 3 жатақхана бар, үшеуінде де орын толып қалды деп жатыр. Бізде мына жақта квартира да жоқ, – дейді студент Ақансері Әзиз. 

Көпбалалы және мұқтаж отбасылардың балалары да жатақханадан орын ала алмай жүр. Олар, тіпті, сөмкелерін арқалап университет кіреберісінде де қонуға дайынбыз дейді.

Общага берген жоқ. Оқуға ай сайын 70 мың төлеймін. Және ай сайын 30-40 мыңға пәтер жалдап тұруға тура келеді. Қиын. Анам жалғыз. Қиын болған соң өзім жұмыс істеуге мәжбүрмін, – дейді тағы бір студент Жеңіс Ермак 

Ресми мәлімет бойынша, университетте жеті мыңнан артық студент білім алады. Оның екі мыңына жатақханадан орын керек. Студенттерге орын тауып беру үшін бүгіннен бастап басшылық санитар дәрігердің қаулысын ысыра тұрып, жатақхананы жүз пайыз толтыруға шешім қабылдапты. Бірақ ол да орын тапшылығын шешпейді екен.

Студенттерге пәтер жалдап тұруға тура келеді. Жатақханадағы орын аз. Біз 5-6 мың студентке орын тауып бере алмаймыз ғой. Жатақхананың жобалық сыйымдылығы бар. Қанша орын бар, соның бәріне студенттерді орналастырамыз, – дейді М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректоры Ерлан Шоланов. 

Ал студенттердің жатақхана мәселесін шеше алмаған университет басшылығы жаңа оқу жылы бір аптаға кеш басталатынын мәлімдеді. Оған дейін студенттердің мәселесін шешуге кіріспек.