Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Мойынға қан жүктеп, көздің жасын арқалап, жұмаққа бару мүмкін емес

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының көздегені арбау мен алдауға ілініп, адасқан жандарды қатарға  қосу. Оларды қайтадан тәрбиелеп, ой-санасындағы уытты уағыз бен қате түсініктерін түзу ұғымға келтіру. Елден кеткен Эльнар Өзбеков осындай жанның бірі  ғана...

Мойынға қан жүктеп, көздің жасын арқалап, жұмаққа бару мүмкін емес
Фото: islam-oral.kz

Адасқандар жанашыр ағайындарынан басқа ешкімге керегі жоқ. Оның өзінде ағайыны жанашыр болса... Әйтпесе, туған ағайынның арасы алыстап, мейірім кемшін тартып, адамгершілік азайып бара жатқан бүгінгідей қатқыл заманда біреудің проблемасына екінші адам бас қатырғысы келмейді. Әрине, бәрі бірдей безбүйрек болып кетті деуден аулақпыз. Кейбірі көмектескісі келеді-ақ,  бірақ шама жоқ, амалсыз... Көз жасына ерік беріп, қолдан келер қайран таппай, әркімге бір жәутеңдеп, жыраққа кеткен баласын, алысқа аттанған ағасын, қашыққа жол тартқан бауырын, ізін жасырған қызын  үйіне қайтарып,  үйіріне қоса алмаған мысалды жүздеп келтіруге болады. Алайда еңірегенде етегі жасқа толған мұндай мұңды жандарды мемлекет жылатып қойып отырған жоқ. Зерттеді, іздеді, тапты, сөйтіп, мемлекеттік «Жусан» операциясымен адасқандарды елге алдырды.

Исламның атын жамылған  жат ағымдардың  алдауына еріп, бақыттың дәмін татамыз, сауапқа батамыз деп барып, қорлық пен зорлыққа тап келгенде  өздерінің әбден қателескендерін білген қаншама жан өзегі өртеніп, өкінішін білдіріп жатады. Ол жақтағы ит өмірден елге келіп, түрмеге жатып, жазасын өтегенді артық көретіндердің әңгімесінен-ақ ненің не екенін санасы бар адам біліп, түсінсе керек.

Жоғарыдағы Эльнар Өзбеков Сириядағы ДАИШ содырларының қатарында соғысқанда айына алататын жалақысы 50 АҚШ доллары болыпты. Бұл дегеніңіз оның және онымен жырақтан жұмақ іздеп барған туысқандарының өмірін осы болмашы тиынға бағалағанын білдірсе керек. Эльнар Сириядан қолына кісен салынып келгендердің бірі. Оған  елге әкелген соң, сегіз жыл жаза кесті. Бұл жаза Қазақстанда тиым салынған террористік топтың қатарында  болғаны үшін кесілді. Өкініштісі Эльнар ол жақта барлық жақындарынан айрылған.

Отбасының Сирияға кетуіне себеп болған оның өгей әкесі екен. Өзегін өртеген өкініштің бастауы 2006 жылы басталыпты.  Эльнардың шешесі осы өгей әкеге сол жылы күйеуге шыққан. Ол үйлене салысымен, ең бірінші, бұл отбасының мешітке баруына қатаң тиым салған. Шешесі мен әпкесіне, Эльнардың әйеліне хиджап киюді талап еткен. Соңында барлық отбасын Сирияға кетуге көндірген.  

«Соңғы жылдары кейбір қазақстандықтар арабтың тілін, мәдениетін, дәстүрін білместен күрделі діндегі түсінікті талқылаумен айналысып кетті. Экстремистік топтар діни сауаты жоқтардың осы осал тұсын пайдаланып, олардың психикасына әсер етті. Өйткені діни сауаты төмен адамды арбау, алдау, өз дегеніне көндіру оңай болды» – дейді «Ақниет» оңалту орталығының теологы Дастан Ұзақбаев.

Иә, Эльнар Өзбековтің тағдыры теологтың айтқанына дәлел бола алады. Эльнар алдауға оңай көніп, өз қателігін түсінгенше террористердің белсенді мүшесіне айналып шыға келген. Ол өзінің қатты қателескенін түсінгеннен кейін содырлардан қашқан. Бірақ қолға түсіп қалыпты. Оның әрекетін жансыз деп ату жазасына кескен. Эльнардың жансыз еместігіне куәлік еткен қасындағылардың сөзінен кейін оны тірі қалдырыпты.

Эльнар Сирияда төрт жыл соғысты. Туысқандарының барлығы қайтыс болған. Ол Қазақстанға бір топ жаннан жалғыз баласын ғана алып келді. Баласы қазір Эльнардың екінші әйелінің қолында тәрбиеленіп жатыр. Эльнардың өзі басқа адамдардың қанын мойнына жүктеп, көз жасын арқалап, жұмаққа барудың мүмкін еместігін түсінген. Қазір оңалту орталығының дәрістеріне үзбей қатысып тұрады.

«Адам қателесті, қазір түсінді. Ол тура жолға түскісі келеді. Шындығында ол бізден басқа ешкіге керегі жоқ. Біз оны қайта тәрбиелеп, өмірде өз орнын табуға көмектесуіміз керек. Өз отандастарымызды Сирия сергелдеңінен құтқарып, біз халқымыздың рухы жоғары екенін әлемге таныттық.  Енді жерлестеріміз бен бауырларымыздың  дұрыс бағыт, қалыпты өмір жолына  түсуіне көмектесіп, өр рухты халық екенімізді дәлелдеуіміз керек» - дейді Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов.

Адасқан адам қайта үйірін тауып, дұрыс жолға түссе құба-құп. Мемлекет бұл тұрғыда көптеген жағдайлар жасауда. Психолог, теолог, дін мамандары, имамдар бірлесіп, бұл тұрғыда көптеген шаруалар атқарып жатыр. Осы шаруалардың басы-қасында ұйытқы болып, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы секілді мемлекеттік органдар жүр. Айналып келгенде барлығының ойлағаны елдің тыныштығы, халықтың жағдайы, мемлекеттің болашағы. Сондықтан бейбіт өмірдің, берекелі заманның қадірін білейік. Сақтанайық! Сақ болайық!

                                                   Еділ  АНЫҚБАЙ