Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Алматыда ҰҚК мен полиция арнайы операция өткізді

Ер адам бес жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін.

Алматыда ҰҚК мен полиция арнайы операция өткізді
фото: дереккөз

Алматы полициясы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тінту барысында тұрғынның көлігі мен үйінен оқ ататын тоғыз қару, оқ-дәрі мен РГД-5 гранатасы тәркіленген ер адамды қамауға алды деп хабарлайды Paryz.kz, Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Арнайы операция кеше Алматыдағы Жандосов пен Ясауи көшелерінің қиылысында өткен.

Күдіктінің өзінен және көлігінен оқ-дәрісі бар екі тапанша тәркіленді. Тағы алты қару, соның ішінде 12-ші калибрлі винчестер, граната мен 60 оқ-дәрі азаматтың Алматы облысы Талғар ауданындағы тұрғылықты мекен жайында құпия орыннан анықталды, - деп мәлімдеді Алматы қалалық Полиция департаменті Криминалды полиция басқармасының басшысы Қуатбек Науатов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ер адамнан тәркіленген барлық қару баллистикалық сараптама жүргізу үшін зертханаға жолданды. Сараптама арқылы Алматы және елдің басқа да өңірлеріндегі қылмысқа осы қарулардың қатысы бар-жоғы анықталады.

Сонымен қатар күдіктінің үйін тінту кезінде ұнтақ тәріздес зат оралған төрт қаптама табылды. Оның құрамын да сараптама анықтайды. Күдіктіні ұстау кезінде ол есірткі әсерінен есін білмейтін күйде болған.

Ер адам Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі ("Қару-жарақты, оқ-дәріні, жарылғыш затты және жарылғыш құрылғыны заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе өзімен бірге алып жүру") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ер адам бес жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін.