Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін негізінен халықтың діни сауатын көтеруге маңыз беріп келеді. Түсіндірілмеген тақырып кемде-кем. Бір тақырыпқа бірнеше қырынан келіп, жан-жақты талдау жасайды. Дін саласына дендеп кірген сайын айтылатын әңгіме де күрделенуде. Бұл жолғы тақырып әлем елдерінің мемлекет пен дін арасындағы қатынастарды қамтыды.
Осы уақытқа дейін түрлі тақырыпты тарқатып келгенімізбен жалпы дін дегеннің не екенін сөз етпеген екенбіз. Әңгіменің әлқиссасын осыдан бастасақ, «дін» деген сөз бізге араб тілінен келіпті. Дінтанушылардың айтуынша, діннің мағынасы «есеп беру» дегенге саяды. Дін – саяси құрал немесе адамды басқаратын жүйе емес. - Ол ең бірінші – дейді«Арафат» мешітінің бас имамы Бауыржан Әбдірашұлы – адамның шынайы ықыласымен қабылданып, Құдайдың алдында есеп беретінін сезінуі. Әлем тарихына сүйенсек, мемлекет пен діннің ара-қатынасын, құқықтық реттеудің үлгілерін алтыға бөлуге болады:
1. Теократиялық мемлекет. Бұл діннің мемлекетті басқаруы. Бұл басқарудың бір діннің үкімімен мемлекет басқарылады және бір діннің нормаларымен қоғамдық қатынастар реттеледі. Теократиялық мемлекеттерді өз ішінде екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, Құдай тағаланың мемлекетті тікелей басқаруы. Мысалы, 622-632 жылдары Пайғамбар (с.ғ.с) Мәдина қаласында ислам мемлекетінің құруы. Екіншісі, Құдаймен тікелей байланыста болмағанымен, оның бекіткен заңымен, жоралғыларымен мемлекетті басқару. Бұған тарихтағы ислам және христиан діні негізінде пайда болған: Рим, Византия, Фатимиттер секілді мемлекеттерді жатқызуға болады.
2. Кририкалды мемлекет. Ол тұрпатта мемлекет дінді басқарады және белгілі бір дінге қолдау көрсетеді. Мысалы, бұл жүйеде біздің түгел тарихымызда қарайтын болсақ, ислам дініне ресми қолдау білдіріп, өзге діндерді ру мәртебесінен айыру туралы мәселелер қозғалған.
3. Канкорданнтық мемлекет. Бұл саяси жүйеде мемлекет пен дін ортақ келісімге келеді. Яғни, билеушілер мен дін өкілдері өз мүдделерін ескерте отырып, келісім негізінде мемлекетті ортақ басқарады. Зерттеушілер бұл жүйені теократиялық және кририкалдық жүйеге қарағанда, зайырлылыққа бір табан жақын деп айытқан. Тарихтан алып қарайтын болсақ, Наполеон секілді билеушілер дін өкілдерімен ортақ мәмлеге келу арқылы елді басқарды. Сондай-ақ, орта ғасырларда ислам мемлекеттерінің көпшілігінде билеушілер дін өкілдеріне құрмет көрсету арқылы халықты өзіне бағындырған.
4. Атеисттік мемлекет. Бұл дегеніміз, мемлекет дінді қысымға алады немесе жоққа шығарады. Бұның өзін екіге бөліп қарастыруға болады. Діни қағидалармен өмір сүруге еркіндік бергенімен, дінді мемлекеттің уысынан шығармайды. Екінші бір түрі, дінге еркіндік беру қағидасы болғанымен, дінді ресми түрде ұдайы қаралап отырады. Коммунистік мемлекеттердің көпшілігінде дінде еркіндікті тек сөз жүзінде беріп, ал іс жүзінде дін өкілдерінің өз сенімдері бойынша өмір сүруіне жол бермеген. Бұған Кеңес үкіметінің 70 жылдық тарихын дәлел ретінде келтіруге болады.
5. Харизматикалық мемлекет. Бұл Құдайдан құт тараған киелі тұлғаның билігі. Сол кісінің киелілігіне сенеді. Сол сенімге қарай ол елді басқарып отыратын. ІХ ғасырда солтүстік Африкада өмір сүрген Фатими мемлекетінің жетекшілері өздерін ғайыптан пайда болған киелі имам деп атап, мемлекет құрған. Яғни, басқарып отырған адамды қасиетті тұлға деп есептеп, соның айтқанымен жүрген.
6. Лайтизм мемлекеті. Бұл мемлекет пен діннің бір-бірінің ісіне араласпауы. Лайтизмді біз орысша «Светское государство», қазақша «Зайырлы мемлекет» деп атаймыз. Бұл жүйеде дін саясаттан бөлініп, мемлекет дін істеріне орынсыз араласпауға тиіс. Бұл пікірді алғаш болып Никола М., Мартин Л. деген секілді батыс философтары айтып кеткен. Тіпті, ХІV ғасырда Томас М. секілді қайраткер осы пікірдің негізінде реформациялық қозғалыстар жасаған. Европада дін өкілдері мен ғылым қайраткерлерінің арасында бұл тартыс бірнеше ғасырлар бойы созылған. Бірақ 1776 жылы АҚШ-та, 1789 жылы Францияда қабылданған адам құқығы декларациясы жойылып, дін мемлекет ісіне, ал мемлекет дін ісіне араласпайтын жаңа мемлекеттік құрылым пайда болған. Батыс Еуропа 1831 жылы, Бельгия 1911 жылы, Португалия мен Германия 1918 жылы осы жүйеге өткен. Ислам елдерінің ішінде бірінші болып бұл жүйені 1924 жылы Түркия қабылдаған.
Осы зайырлықтың өзі төртке бөлінеді.
1. Зайырлықтың преференсиялық түрі бар. Латын тілінен аударғанда «артықшылық» дегенді білдіреді. Батыс Еуропаның көптеген мемлекеттері осы зайырлылықтың преференсиялық түрін ұстанады. Преференсиялық түрінің ерекшеліктері: бұл тарихи уағдаластық келісім, яғни, мемлекет бір немесе бірнеше дінге айырықша басымдық беруі. Бір немесе бірнеше діннің және олардың діни бірлестіктеріне әрекет жасауына жеңілдіктер жасап, соның ішінде қаржылық қолдау көрсету. Мысалы, Германиядағы лютерандық және католицизмнің дамуына жеңілдік жасағаны секілді. Кейбір елдерде мемлекет басшысы бір діни ұйымға мүше болуы шарт.
2. Эквипотенциялық түрі. Мемлекеттің дінді оқшаулауын айтамыз. Егер діннің беделі артып бара жатса, мемлекет оның ықпалын азайтады. Діни ұйымдарды мемлекеттік және қоғамдық шаралардан тыс ұстайды. Ондай мемлекеттердің қатарына: Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, тіпті, АҚШ-ты да жатқызуға болады.
3. Контаминациялық түрі. Зайырлылық ұғымдарының шекарасы дін мен мемлекет әлсіз түрде белгілі болып тұрады. Діни құқықтық нормалар мемлекеттік құқықтың жүйесіне салмақты түрде әсер етеді.
4. Идентификациялық түрі. Мемлекет бірнеше діни ұйымдармен кепілі халық ретінде ұлттық, мәдени, тарихи, діни құндылықтарды ескере отырып, әріптестік пен серіктестік орнатады. Дәстүрлі діндерге қолдау білдіріп, білім беру орындарында мәдени құндылық ретінде дінге қолдау тарату түрі болып табылады. Осы бағытты көп ұлтты мемлекеттер қолданады. Оларға мемлекеттердің даму тарихында Құдайды насихаттап, адамдарды дінге мәжбірлеуді басынан өткерген елдер осы бағытқа жатады.
Міне, көріп отырғаныңыздай дін мен мемлекет арасындағы қатынаста қаншама көпшілікке беймәлім терминдер кездеседі. Бұл дегеніңіз дін мен оның ішіндегі иірім-жігі ұңғыл-шұңғылына дейін зерттелгендігін білдіреді. Демек, жат ағымдар осы зерттеулерден хабардар деген сөз. Өйткені оларда мол қаржы, зор мүмкіндік бар. Қазақстан секілді тарихтың тәлкегінен небір нәубеттерді басынан кешіріп өткен, енді ғана тәуелсіздігін алып, оң-солын тануға ұмытылып жатқанда, осал тұсын дөп басып, қарапайым көпшілікті адастыруға күш салуда. Сондықтан діни сауатты көтеру өте маңызды. Қисынын келтіріп соққан өтірікке арбалып қалмағайсыздар! Сақ болайық! Сақтанайық!
Еділ АНЫҚБАЙ