Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен аяғынан тұрған оралдық кәсіпкердің бірі - Наталья Богданова.
Еңбек жолын қарапайым тігінші болып бастаған ол үйде отырып, перделер тікті. Іс тігетін инесі асырайтын жан перделерді өткізу үшін тұтынушыларды тамыр-таныстары, жора-жолдастары арасынан, жарнамалық сайттардан іздеді. Әр тұтынушының талап-тілегіне сай эксклюзивті әрі қолжетімді перделерге тапсырыс берушілер қатары қалыңдай түсті. Осыған орай Наталья Сергейқызы перделер тігетін және олардысататын орынды жалға алуға бел байлады. Орал қаласында «Вуаля» перде салоны осылай ашылды.
Шағын тігін цехына лайықты орынды жалға алып, тігін жабдықтарын сатып алды. Тігіншілікке қыз-келіншектерді жұмысқа алып, іс тігуді өзі үйретті. Бүгінде оның салонында 4 тігінші, екі менеджер жұмыс істейді.
-Мен жалға алған үйдің сатылуына байланысты жеке ғимарат сатып алу жайында шешімге келдім. Өз қаражатыма ғимарат сатып алу мүмкін емес, өйткені қаражаттың көп бөлігі айналымда. Сондықтан мен «Даму» қоры филиалына барып, көмек-қолдау сұрадым. «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Банк ВТБ» АҚ ЕҰ арқылы 14% -бен несие алдым, оның 8% -ын қор субсидиялады», - деді кәсіпкеркеліншек.
Осылайша Наталья Богданова мемлекеттік қолдаудың арқасында арманын іске асырды. Перде салоны үшін ауданы 180 шаршы метр болатын жеке ғимаратты сатып алды. Енді отбасылық бизнесті одан әрі өркендейтініне сенімі мол.
Жұбан МҰРАТ,
Орал қаласы