Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматтағы оқыту процесінде басталды. Биылғы білім саласындағы басты жаңалық – «Әліппенің» қайтадан оралуы болып отыр. 1 қыркүйекте Орал қаласы бойынша 1 сыныпқа қабылданған 6300-ден астам бүлдіршін салтанатты түрде Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі бойынша жасалған оқулықты қолдарына алды.
Араға 1,5 жыл салып еліміздің білім ошақтары мен оқу орындары дәстүрлі форматта білім беруге көшті. Бүгін, 1 қыркүйек күні қала мектептерінде алғашқы қоңырау үні сыңғырлай соғылды. 1 сыныпқа қабылданған оқушылар үшін «Кел, балалар, оқылық» атты салтанатты жиын өтіп, басқа сыныптарға «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбындағы сынып сағаттары ұйымдастырылды. №21 орта мектептегі салтанатты жиынға қала басшысы А.Шыныбеков арнайы қатысты. Ұстаздар мен оқушылар және ата-аналар осы сәтті асыға күткенін ерекше атап, тарыдай болып енген балалардың таудай болып, терең біліммен қанаттанып шығуына тілектестігін білдірді.
– Міне, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында алғашқы қоңырау салтанатына жиналдық. Әлемді жайлаған пандемия жағдайында жыл жарымдай уақыт балаларымыздың оқу әдісі өзгергенін баршаңыз білесіздер. Бұл біздің көптен күткен мерекеміз. Білім беру – ұлағатты іс. Жас жеткіншектеріміз тәуелсіз Қазақстанның болашағы, ертеңі. Қала мектептерінде биыл 55 мыңнан астам оқушы білім алады. Соның ішінде 6300-ден астамы мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Жыл санап оқушылар саны 2700-3000-ға көбейіп келеді. Сондықтан мемлекет тарапынан мектептердің әлеуметтік-инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту мақсатында күрделі жөндеу, жаңа мектептер салу жұмыстары жалғасын тауып келеді. №21 орта мектептің ғимараты да өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында жөндеуден өтіп, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалды, – деген Абат Абайұлы білім әлеміне қадам басқан оқушыларға таудай талап тіледі.
№21 орта мектепте биыл 1483 оқушы оқиды. Бірінші сыныпқа 180 ұл-қыз қабылданған. Салтанатты шарада 1 сынып бүлдіршіндері өлең оқып, ән шырқады. Ұстаздарымен бірге қоңырау соғып, жаңа оқу жылының бастау алғанын сездірді. Сондай-ақ жиын барысында мектеп басшысы әр сынып жетекшісіне «Әліппе», «Букварь» оқулығын табыс етті.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы А.Темірханова атап өткендей, білім мекемелерінде шәкірттердің қауіпсіздігі үшін дайындық жұмыстары жүргізілген. Дабыл түймелері қойылып, ол ішкі істер органымен байланыстырылған. Сондай-ақ бейнебақылау камереларын орталыққа байланыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек мектептегі қауіпсіздікті мамандандырылған күзет қызметі қамтамасыз етеді. Әр білім ұйымына «Ашық» қосымшасы енгізілді, оқушылар әр түрлі есіктен кіретін болады, санитайзер, қажетті дезифекциялық құралдар толық алынған және сабақтар «Бір сынып – бір кабинет» қағидасымен жүргізіледі.
Томириис СҰЛТАН