Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Оралда "Fizmat Primary Uralsk" мектебі ашылды

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Республикалық физика-математика мектебі» КеАҚ өңірлердегі алғашқы «Fizmat Primary Schools» желілік мектебін Орал қаласында ашты.

Оралда "Fizmat Primary Uralsk" мектебі ашылды

Жаңа мектепке конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша 1-ші және 2-ші сыныптарға 65 оқушы қабылданған. Жалпы байқауға барлығы 358 үміткер қатысқан. Жаңа мектепте білім күніне орай өткен салтанатты жиынға қатысқан БҚО әкімі Ғали Есқалиев білім ұясының ұжымы мен  шәкірттерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

  –   Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, білім жүйесіне  тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл – жеке мектептерді  ашудың тиімділігін көрсетті. Оның нақты нәтижесі – қаламызда республикалық мектептің филиалының ашылуы. Өткен жылы мектеп басшылығымен келісім жасалған болатын.  Міне, республикалық физ-мат мектебінің аймақтардағы алғашқы филиалы Оралда ашылып отыр. РФММ негізін қалаушылардың бірі біздің жерлесіміз – физика-математика ғылымдарының докторы, академик, соғыс ардагері, біздің жерлесіміз А.Тайманов. Бұл мектептің деңгейі  көпшіліккке таныс. Қазақстанда және одан тыс жерлерде өз түлектерімен танымал, олардың арасында көптеген танымал кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілер осы мектептен шықты.  Осындай мектепте оқудың мүмкіндігі батысқазақстандық балаларға да жасалып отыр. Бұл мектептің ашылуымен өңірдегі мектептер арасында адал бәсеке орнатылады деп үміттенемін. Бұл мұғалімдеріміздің білім беру деңгейін  көтеруге де  оң ықпалын тигізері кәміл екеніне  сенемін, – деді Ғали Есқалиев.

Республикалық физика-математика  мектебі Алматы қаласында 1972  жылы ашылған болатын.  2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласында филиалы ашылып, сол жылы 1-6 сынып үшін Fizmat Primary бағдарламасы дайындалған.  «РФММ» КеАҚ басқарма төрағасы Ғабит Бекахметовтың айтуынша, бұл бастауыш сыныптан-ақ балаларды бағдарламалау, математика ғылым, робототехника бойынша білім іргетасын қалау. Осы орайда Оралда  ашылған мектепте РФММ-де әзірленген және сингапурлық математика, робототехника, steam форматындағы өнер және Scratch тілінде блоктық бағдарламалау элементтерін қамтитын Fizmat Primary авторлық бағдарламасы пайдаланылады. Primary school форматы бастауыш сынып оқушыларын (1-6 сынып) жоғары сынып оқушыларынан бөлек оқыту мен тәрбиелеуге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Негізгі пәндерді оқуымен қатар балалар дебатқа, олимпиадаға, шахматқа және шығармашылық үйірмелерге қатысады.

Биылғы оқу жылында мектепке 65  оқушы қабылданған, келер жылы оқушылар саны  300-ге дейін көбейтіледі деп күтіледі.

Томирис СҰЛТАН