Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Өскеменде "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үйлер аңғал-саңғал

"Сәуір айында үйімнің төбесінен су ағып, құрылысшыларды шақырғанмын. Солар үйдің шатырына шығып, жасап жатқанда, аяғы төбені тесіп кетті ғой", - дейді тұрғын.

Өскеменде "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үйлер аңғал-саңғал
фото: 24.kz

Өскеменде соңғы 3 жылда мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған көпқабатты үйлердің көбі сапасыз болып шықты. Олар – қалада енді бой көтерген шағын аудандағы баспаналар, деп хабарлады paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Аталған үйлердің сапасыздығы сондай, жауын жауса, төбесінен су ағады. Жел соқса, қабырғаның қаптамасы ұшады. Кейбір үйлерге тартылған жоғары кернеулі электр сымдары шұбатылып жерде жатыр. Ал тұрғындар баспанаға қатысты базынасын айтып, жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырумен әлек.

"Ешкімнің шаруасы жоқ бізде. "Не істесеңіздер де өздеріңіз білесіздер" дейді. Апаттық қызмет келмейді. Құрылыс бөлімі телефонды алмайды. Үйді салғандар хабарласпайды", - деп налуда Сая Майшоқпарова атты тұрғын.

Хабарласқанмен, үйді салған мердігерден қайыр аз. Ол компанияның қазір аты болғанмен, заты жоқ. 70 пәтерлі үйдің тұрғындары ашық-шашық, аяқ астында шұбатылып жатқан жоғары кернеулі электр сымынан қауіптеніп отыр.

"Сәуір айында үйімнің төбесінен су ағып, құрылысшыларды шақырғанмын. Солар үйдің шатырына шығып, жасап жатқанда, аяғы төбені тесіп кетті ғой. Енді білмеймін, қыста қалай боларын. Былтыр өте суық болған", - дейді келесі тұрғын Мадина Жандыбаева.

Суық болғандықтан, әрбір пәтер электрлі жылытқыш құрылғыларын қосады. Ортақ желі ауыр жүктемені көтермегіндіктен, жарық та жиі өшеді. Қорыққан тұрғындар 9 айдан бері қаладағы осы салаға жауапты барлық коммуналдық мекеменің табалдырығын тоздырумен жүр. Бірақ, әзірше тұщымды жауап болмай тұр.