ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мәлік Құлшар мен Снежанна Имашева Орал қаласындағы жол жөндеу жұмыстарымен, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылыстарымен танысты.
Мәжілісімендер Ескі әуежай ауданындағы Светлая көшесін жөндеу жұмыстарына жақсы баға берді. Жалпы ұзындығы 1495 метр болатын жолдың бүгінде 450 метрі жаңа кейіпке енген. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр.
"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша «Отбасы банк» салымшылары үшін салынып жатқан 9 қабатты 104 пәтерлі түрғын үй де депутаттардың көңілінен шықты. Жыл соңына қарай аяқтау жоспарланып отырған бұл үйдің астынғы қабатында әлеуметтік нысандар орналаспақшы.
Одан кейін Еткомбинаты ауданындағы №33 мектеп ғимаратының құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстарына 1 млрд 165 млн теңге бөлінген білім ұясын алдағы қараша айында толықтай аяқтау жоспарда бар.
-Біздің мектептің негізі 1935 жылы қаланды. 2016 жылы ғимарат апатты деп танылған соң, жаңа мектеп салына бастады. Жоба бойынша мектеп 3 корпустан тұрады. Онда cooking-club, смарт кабинет, технопарк, интеллектуальдық бұрыштар, конференц-зал, спортзал, акт зал, асхана болады,-деді аталмыш мектеп директоры Үміт Ерғалиева.
Осынау инспекциялау іс-шарасы соңында жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берген мәжілісмендер құрылысшылар тарапынан біраз мәселе көтеріліп, ұсыныс-пікір айтылғанын мәлімдеді. Соған орай олар алдағы уақытта бұл бағыттарда нақты шаралар алынуы үшін Үкіметке сауал жолдамақшы.
Жұбан МҰРАТ,
Орал қаласы