Құны 1 млн. теңгеге дейін болатын сертификатқа ипотекалық тұрғын үй қарызын алу бойынша банктен өтінші қанағаттандырылған арнайы санаттағы азаматтар ие бола алады.
Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қазіргі уақытта үміткерлердің құжаттарын жинауда. Сертификат 27 тамыздан бастап берілетін болады.
Мамандардың сөзінше, «Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа және Батыс Қазақстан облысы мәслихатының «Батыс Қазақстан облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін бекіту туралы» шешімі негізінде берілмек. Сертификатты алуға «Көп балалы отбасылар», «Толық емес отбасылар», «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылар» санатындағы және мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, агроөнеркәсіптік кешен және құқық қорғау салаларының қызметкерлері үміткер бола алады.
Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тұрғын үй және жекешелендіру секторының меңгерушісі Ерлан Шайхиев мәлім еткендей, биыл Орал қаласы бойынша тұрғын үй сертификатына 150 миллион теңге бөлінген. Тұрғындардан міндетті түрде екінші деңгейлі банктен төлем қабілеттілігін анықтайтын құжаттың болуы талап етіледі.
Айта кетейік, қазіргі таңда шаһарда әр түрлі санат бойынша 21 140 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Оның 6000-ға жуығы «Көп балалы отбасылар», «Толық емес отбасылар», «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылар» санатында.
Томирис СҰЛТАН