«Вакцина ал, өміріңді сақта!» атты акция коронавируспен күрестегі вакцинаның маңызы туралы түсіндіру шараларын жүргізуге бағытталған. Ұжымдық иммунитет қалыптыстырудың мәні туралы жеткілікті ақпарат беру мақсатындағы акцияны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігі өткізуде.
Қоғамдық бірлестік өкілі Қ.Досмағамбетов атап өткендей, акцияның нәтижесі болады. Жаңа оқу жылы оффлайн форматта болатындықтан, әр аймақ, елдімекендерден қалаға ағылған студенттер көп. Көпшілік ортада врустың да жұғу қаупі жоғары. Сол себепті студенттерге вакцина алу арқылы індеттен сақтану, өзгерді де қорғау жөнінде мағлұматтар берілуде.
Бүгінде Жәңгір хан университеті профессор-оқытушылар құрамының 74 пайызы, студенттердің 61 пайыздан астамы індетке қарсы вакцина алған.
– Адам өміріне ең қауіпті жұқпалы індетті жеңудің бір ғана жолы – вакцинация. Бір адамның ғана емес, бір отбасының немесе тұтас ұжымның тағдырын сақтап қалуға септігін тигізетін екпе арқылы сіз өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етесіз, – деген оқу орнының тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов студенттерді өз денсаулығын қорғауға шақырды.
Шара барысында университет студенттері ән шырқап, көңілді тапқырлар командасы өз өнерлерін көрсетті. Білім алушылар 1-курсқа түсуші студенттерді вакцина алуға шақырып, өздері де соларға үлгі болатындықтарын жеткізді.
Сондай-ақ жақын күндері университетте коронавирусқа қарсы екпе салдыртқан студенттер мен оқытушылар арасында ынталандыру сыйлықтары ойнатылатын болады.
Томирис СҰЛТАН